Астанада жолаушылардың 30-40 пайызы ақы төлемейді — парк басшысы
АСТАНА. KAZINFORM — Қоғамдық көлік ақысын төлеуден жалтаратын астаналық жолаушылар мәселесі қалай шешілмек? Бұл сауалға № 1 автобус паркінің басқарма төрағасы Мадияр Тұқпатов жауап берді.


«Жолақы төлемейтіндердің саны көп, қазір жолаушылардың 30-40% ақы төлемей жүре береді. Салдарынан біз шығынға батып жатырмыз. Біздің паркте 150 көлік бақылау департаменті қызметкері (контролер) бар, қызметкерлердің санын 200-ге дейін арттырамыз деп отырмыз. Біз бақылаушылардың арқасында күн көріп отырмыз, олардың міндеті — жолақының төленгенін қадағалау», — деді Мадияр Тұқпатов № 1 автобус паркінде ұйымдастырылған баспасөз туры барысында.

Оның айтуынша, жолаушылар ақы төлеуге асықпайды, бақылаушыларды көрген кезде ғана жанығып төлей бастайды.

«Демек бақылаушы болмаса мүлдем төлемей жүреді деген сөз. Сондықтан олардың санын көбейтіп, бақылауды күшейтеміз», — дейді ол.

Сондай-ақ, автобус паркінің басшысы ақы төлемеген жолаушыларға айыппұл салумен мәселенің шешілмейтіндігін айтып отыр.


