Астанада жолаушылардың жүйкесін тоздырған такси жүргізушісі жазаланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы халықаралық әуежайдың көліктік полиция қызметкерлері өзінің қызметін ұсыну арқылы жолаушылардың мазасын ала берген такси жүргізушісін әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Көліктегі ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК 449-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен такси жүргізушісі 10 АЕК (24 050 теңге) айыппұл өтеуге міндеттелді.
Айта кетерлігі, бұл азамат бұрын да ҚР ӘҚБтК-нің аталмыш бабымен жазаланған. Белгілі болғандай, құқық бұзушы заңбұзушылыққа төртінші рет жол беріп отыр. Беймаза такси жүргізушісін айыппұлдар мен ескертулер тоқтатар емес.
Көліктегі ІІД мен ведомствоның желілік бөлімшелері 9 айдың ішінде 236 заңсыз такси жүргізушісін жазалаған.