Астанада ЖРВИ-дің таралуы мектептердің жұмысына әсер ете ме

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл күзде елордада ЖРВИ-дің 90 мыңға жуық жағдайы тіркелді. Бұл туралы Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева мәлім етті.

2,4 млн қазақстандық ЖРВИ-мен ауырды
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

— 2026–2027 жылдардағы эпидемиялық маусымда (2026 жылғы 1 қазаннан 18 қарашаға дейін) ЖРВИ-дің 89 942 жағдайы тіркелді. Сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 5 487-ні құрады. 14 жасқа дейінгі балалар арасында ЖРВИ-мен сырқаттану үлесі 57,6%-ды құрады, бұл ретте аурды жұқтыру көрсеткіші 100 мың балаға шаққанда 10 779,6 болды, — деді Айгүл Шағалтаева Астана қаласы коммуникациялар қызметіндегі брифингіде.

Оның айтуынша, соңғы бір аптада қалада ЖРВИ-дің 21 158 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалардың үлес салмағы 60%-ды құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда сырқаттану деңгейінің 38%-ға төмендегені байқалды.

— Кейінгі бір аптада ЖРВИ-ге шалдығу 159 мектепте тіркеліп, мектепке баратын 2 016 оқушы ауырған. Бұл оқушылардың жалпы санының 0,6%-ын құрады. Мектептерде ауруға шалдыққан оқушылар саны 20%-дан асқан жоқ. Осыған байланысты кабинеттік оқыту жүйесін тоқтатуға және оқу процесін уақытша тоқтата тұруға негіз жоқ, — деп түсіндірді департамент басшысы.

Сонымен қатар ол Астана қаласында ЖРВИ, тұмау және COVID-19 бойынша эпидемиологиялық және зертханалық қадағалау қаланың 8 медициналық ұйымының базасында жалғасып жатқанын айтты. Аталған медициналық ұйымдарда жыл бойы клиникалық белгілері тұмауға ұқсас науқастардан іріктеп сынамалар алынады. Оң нәтиже анықталған жағдайда, вирустарға генетикалық зерттеу жүргізіледі. Бұл нысаналы топтардағы эпидемиологиялық жағдайды бағалауға және жалпы халық арасындағы эпидемиологиялық ахуал туралы түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді.

— Тұмауға қарсы вакцинация осы жылдың 2 қазанында басталды. Вакцинация тұмауды жұқтыру қаупі жоғары адамдарға ұсынылады. Олардың қатарына медицина қызметкерлері, созылмалы аурулары бар адамдар, мектеп оқушылары, жүктіліктің II–III триместріндегі әйелдер, егде жастағы адамдар, жабық үлгідегі мекемелерде және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарда тұратын адамдар жатады. 2026 жылғы 17 қарашадағы жағдай бойынша 140 106 адам тұмауға қарсы егілді, бұл қала халқының жалпы санының 8,6%-ын құрайды. Оның ішінде жергілікті бюджет қаражаты есебінен 139 638 адам егілді (вакцинациямен қамту көрсеткіші — 84,7%), оның ішінде 28 758 бала және 110 880 ересек адам, — деді Айгүл Шағалтаева.

Бұған дейін Астанада ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын жазған едік.