Астанада ЖРВИ жағдайлары өткен маусыммен салыстырғанда 14%-ға артты
АСТАНА. KAZINFORM – 2024-2025 жылғы эпидемиологиялық маусымда елордада жіті респираторлық вирустық инфекцияның (ЖРВИ) 260 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Бұл өткен маусымдағы көрсеткіштен 14%-ға жоғары. Бұл туралы Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Қошмұхамбетқызы Шағалтаева мәлімдеді.

Айгүл Шағалтаеваның айтуынша, науқастардың жартысынан көбі – 14 жасқа дейінгі балалар.
Олардың үлесі 51,6%-ды құрап отыр. Бұл өткен жылғы маусыммен салыстырғанда 8%-ға артық. 2023-2024 жылдары 126 мыңнан астам жағдай тіркелген болатын.
– Тек 2025 жылдың 36-шы аптасында ЖРВИ-дің 4638 жағдайы анықталды. Оның ішінде балалардың үлесі 50,1%-ды құрады. Өткен маусымның дәл осы кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық 39%-ға төмендеген, – деді спикер.
Сонымен қатар ол өз сөзінде, қалада ЖРВИ, тұмау және COVID-19 бойынша эпидемиологиялық және зертханалық қадағалау жүйесі жұмыс істейтінін айты.
– Ол №5, 7, 8 емханаларда, «Шипагер» ОКЖ-де, №1 және №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханаларында, ҚИО мен №3 көпбейінді қалалық ауруханада ұйымдастырылған, - деді ол.
Өткен маусымда Ұлттық сараптама орталығының филиалы ПТР әдісімен 1889 сынаманы зерттелгенін айтты
– Амбулаториялық пациенттерден – 258, ауруханаға жатқызылғандардан – 1631 сынама алынды. Зерттеу нәтижесінде тұмаудың оң түрі 29% жағдайда анықталды (оның ішінде А типі – 56%, В типі – 44%). Сондай-ақ COVID-19 үлесі – 4,6%-ды құрады. Қалған жағдайларда басқа вирустар тіркелді: риновирус (32%), парагрипп (10%), маусымдық коронавирус (6%), аденовирус (7%), метапневмовирус (11%), бокавирус (2%) және аралас инфекциялар (27%), – деді маман.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі елдегі ЖРВИ және тұмау статистикасын жариялаған болатын.