Астанада «Жұлдыздар да айтысады» атты ерекше шоу-айтыс өтті
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Астана қаласының Мәдениет басқармасының ұйтқы болуымен өткізіліп отырған шоу-айтысқа эстраданың елге танымал жарық жұлдыздары мен азулы айтыс ақындары қатысты.
Шоу-айтысты ұйымдастырушылар дәстүрлі айтыс өнерін осы арқылы жастар арасына, қоғамға кеңінен насихаттап, киелі өнердің қай заманда болмасын үйлесім туып, түрлі артықшылықтарымен жұрттың ерекше ықыласына бөлене беретінін дәлелдеуді мақсат еткен. Ерекше айтысты бағалаушы қазылар құрамы да бұрынғыдан өзгеше болды. Бас қазы айтыстың көшін бастаған Жүрсін Ерман болса, қазылар құрамында қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан, айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабеков, театр және кино актері Ерік Жолжақсынов, жүргізуші Жанатбек Байтеков, «Хабар» арнасының бас продюсері Ринат Думанұлы болды.
Саханаға айтыскер ақын Дидар Қамиев пен әнші Жазира Байырбекова, Балғынбек Имашев пен Жанар Айжанова, Серікзат Дүйсенғазин мен Роза Әлқожа, Айнұр Тұрсынбаева мен Ұлықпан Жолдасов, Сара Тоқтамысова мен Қанат Әлжаппаров, Сырым Әуезхан мен Индира Расылхан қатарлы ақындар мен әншілер жұптасып шығып айтыс оздырды. Осылайша көрерменнің көңілін көтеріп, залды күлкімен сілкіндірген, сәтті ұйымдастырылған думанды қызық айтыс өз мәресіне де жетті. Бұл айтыста ұйымдастырушылар жүлдені жеке ақынға емес, озып шыққан бір жұпқа беруді ұйғарыпты. Алайда, бас жүлдеге тігілген 1 миллион теңгені қазылардың шешімімен теңдей өнер көрсеткен екі жұпқа бөліп беруге тура келді. Олар, тартымды, өрелі жырмен, келісті айтыс оздырған Балғынбек Имашев пен Жанар Айжанова және Серікзат Дүйсенғазин мен Роза Әлқожаның жұптары болды. Бақытжол Кәкеш