Астанада жұмыс кестесінің өзгеруі: қай мекемелерге әсер етеді
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада бірнеше ұйым 15 қыркүйектен бастап жаңа жұмыс кестесі бойынша жұмыс істейтін болады. Бұл шешім жолдарда кептелісті азайту мақсатында қабылданып отыр.

Қала әкімдігінің мәліметінше өзгерістер қала орталығында орналасқан мемлекеттік және жартылай мемлекеттік құрылымдарға қатысты болады.
— 15 қыркүйектен бастап қалалық коммуналдық қызметтердің жұмыс күні таңғы 7:30–да басталады, Астана әкімдігінің қызметі — 7:30, кейбір мемлекеттік органдар мен жартылай мемлекеттік компаниялар — 7:30–8:00 аралығында бастайды. Жұмыс уақытының аяқталу сағаты да сәйкесінше өзгертіледі.
Жеке сектор, бизнес, мектептер, балабақшалар, ауруханалар, емханалар, ХҚО және басқа әлеуметтік нысандардың жұмыс кестесі өзгермейді.
Айта кетейік, кейбір министрліктер мен мемлекеттік органдардың жұмыс күні бұрыннан 8:00–де басталады, — делінген әкімдік хабарламасында.
Бұл шаралар негізгі магистральдардағы таңғы және кешкі сағаттардағы көлік ағынын азайтуға бағытталған.
Сонымен қатар, жол қозғалысын қиындататын автокөліктердің тұрақ ережесін бұзуы қатаң бақылауға алынады: құқықбұзушылардың автокөліктері айып тұрағына эвакуацияланады.
Еске сала кетейік, Астанада қоғамдық көлікті дамыту жұмысы жалғасып жатыр: жаңа жылдам жол коридорлары мен маршруттар ашылуда, жаңа автобустар шығарылады, сонымен қатар жол салу және жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Осы шаралардың бәрі кешенді түрде жолдардағы кептелісті таңғы және кешкі уақыттарда азайтуға мүмкіндік береді.
Айта кетелік Алматы облысында мемлекеттік мекемелер үшін жұмыс уақыты өзгерді.