Астанада жыл басынан бері жаяу жүргіншілердің қатысы бар 78 жол апатынан 7 адам қаза тапты

Бүгін астаналық полицейлер қала көшелерінің біріне шығып, барлау өткізді. Байқағанымыздай, небары жарты сағат ішінде жас ерекшелігі әр түрлі ондаған адам жол торабын көлденеңінен кесіп өтті. Өз өміріне селқос қараумен қатар, өзгенің өміріне қауіп төндіруге баратын жүргіншілермен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, шалыс басқанның нәтижесі жақсылыққа апармайтыны жайында бейнеролик көрсетілді. «Жол-патрульдік полиция қызметкерлері күн сайын 50-70 дейін жаяу жүргіншілердің жол жүру ережесін бұзу фактілерін анықтайды. Ол кісілерге ҚР Әкімшілік кодексінің 473 бабына сәйкес, 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бірінші рет әкімшілік айыппұлға тартылған кезде бұл жағдай тағы қайталанатын болса, 15 АЕК көлемінде айыппұл салынып немесе 3 тәулікке әкімшілік қамауға алынатынын ескертеміз.», - деді Астана қаласы ІІД ӘПБ инспекторы Қуаныш Еркінов Оның айтуынша, жыл басынан бері жаяу жүргіншілердің қатысы бар 78 жол-көлік оқиғасы болды. Онда 7 адам қаза тауып, 72 адам әр түрлі жарақат алған.