Астанадағы 12 қабатты тұрғын үйде өрт шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Астананың Сарайшық ауданындағы А-52 көшесінде орналасқан 12 қабатты тұрғын үй кешенінде өрт шықты.

Астанадағы 12 қабатты тұрғын үйден өрт шықты
Видеодан алынған кадр

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, ғимараттың бірінші қабатынан тоғызыншы қабатына дейінгі кабель шахтасында электр кабелі жанған.

— Авариялық-құтқару жұмыстары кезінде баспалдақ арқылы үш адам, оның ішінде бір бала құтқарылды. Өрт 27 погон метр аумақта сөндірілді. Жалынның одан әрі таралуына жол берілмеді. Зардап шеккендер жоқ, — делінген хабарламада.

ТЖМ өкілдері өрт белгілері байқалған жағдайда дереу 112 нөміріне хабарласу қажет екенін еске салды.

— Өрт кезінде лифтіні пайдаланбаңыз және құтқарушылардың нұсқауларын орындаңыз, — деп ескертті ведомство.

Еске салайық, бұған дейін Астананың Есіл ауданындағы Сауран көшесінде орналасқан тоғыз қабатты тұрғын үйден өрт шыққанын хабарлағанбыз.