Астанадағы әлем чемпионатына Магнус Карлсен келеді – Дәрмен Сәдуақасов

магнус
Фото: CNN Sport

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан шахмат федерациясы биыл бірқатар ірі жарыс өткізбекші. Жалпы, федерация алдында тұрған мақсат-міндеттер қандай, елімізде шахматты кеңінен дамыту бағытында не істелуде? Бұл жайында Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті, гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасов Kazinform тілшісіне әңгімелеп берді.

— Дәрмен Қанатұлы, биыл тамыз айында Астанада тез шахматтан (рапид) командалық әлем чемпионаты өтпекші екен. Оған атақты норвегиялық шахматшы, әлем чемпионы Магнус Карлсен келеді екен деген хабар бар, алдымен осыған тоқталсаңыз?

— Иә, бұл біріншілік жылдың басты спорттық оқиғасы болады деп отырмыз. Өткен жылы Германияның Дюссельдорф қаласында осындай жарыста классикадан бес бірдей экс әлем чемпионы Виши Ананд, Владимир Крамник, Хоу Ифань, Александра Костенюк және Мария Музычук бақ сынаған еді. Сондай-ақ әлем чемпионы атағына үміткерлер, әлем кубогінің жеңімпаздары, рапид пен блицтен әлем чемпиондары болды. Сондықтан Астанада Магнус Карлсенді қосқанда, әлемнің үздік шахматшыларын көргіміз келеді. Біздің мәліметіміз бойынша Карлсен командалардың бірінің құрамында ойнауға келісімін берген. Оның келуі бүкіл әлем жанкүйерлерінің назарын аударатыны түсінікті. Астаналықтар мен қала қонақтары Магнустың ойынын тамашалауға мүмкіндік алады. 

Биыл біз басқа да бірқатар ірі жарысты жоспарладық. Соның ішінде Қазақстан кубогінің орны ерекше, оның жүлде қоры өткен жылғыдан көп болмақ. Мұндай ашық халықаралық жарыстарда күшті құрам жиналады деп ойлаймыз. Бұлар әдеттегідей Ақтөбе, Өскемен, Астана қалаларында өтеді. Сонымен бірге алты қалада Қазақстан балалар кубогі болады. Ал осы балалар және ересектер кубогінің финалдық кезеңі жыл аяғында не Алматы, не Астанада өтеді.

шахмат
Фото: ktf.kz

Қазақстанның ересектер және жасөспірімдер құрамасы үшін айналмалы жүйемен өтетін, 10-12 қатысушыдан тұратын турнирлер сериясы ойластырылған. Бұлардың жартысындайы біздің шахматшылар болмақ. Олар үшін жарыстар халықаралық шебер және гроссмейстер нормасын орындап, өз рейтингілерін көтеру үшін керек. Бұлардың екеуі Талдықорған мен Қаскелеңде өтіп, соның біреуінде Рамазан Жалмаханов екінші орынға ие болып, жетіспейтін гроссмейстерлік ұпайды алды. Енді атағын бекіту ғана қалды. Жазда 8-18 жас аралығында бозбалалар мен қыздар арасында Азия чемпионатын өткіземіз. Сірә, ол Алматыда болатын шығар.

Бұдан бөлек, Қазақстанда әйелдер арасында Гран-при кезеңі өтеді, оған жетекші шахматшыларымыздың бірі қатысады. Әйелдер арасында әлем мен Қазақстан құрамасы матчын қайталап өткіземіз деп үміттенемін. Биыл біз барлығы 50-ден астам жарысты өткізуді көздеп отырмыз. Соның ішінде шахмат аясын кеңейту аясында мемлекеттік қызметшілер, журналистер, дипломаттар және басқа сала қызметкерлері арасында турнирлер бар. Корпоративтік сала қызметкерлері үшін турнир өткізгіміз келеді. Жыл бойы ҚФШ көрермендерді шахмат сайыстарын көру қуанышын бөлісуге шақыра отырып, жарыстар жөнінде хабарлайды.

— Қазақстанда шахматты дамыту бағытында не істеліп жатыр?

— Елімізде шахматтың дамуы үшін үлкен қадам жасалды деп сеніммен айтқым келеді. Бұл бірінші кезекте Мемлекет басшысының саяси қолдауы арқасында мүмкін болды. Сонымен қатар Үкімет 2023-2027 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында шахматты дамытудың кешенді жоспарын бекітіп, бізді қолдады. Бұл бағдарламалық құжат оны мектеп бағдарламасына енгізу, өңірлерде кеңінен тарату, шахмат инфрақұрылымын құру және басқа бірқатар бағыттарды қосқанда, елде шахмат қозғалысын қолдаудың кешенді шараларын қамтиды. Біздің бас демеушіміз Freedom Holding компаниясының қолдауымен KazChess — Қазақстан шахмат федерациясы командасы өткен жылы да бірқатар ірі жарыстарды өткізгенін еске салсақ, артық болмас. Бәрінен бұрын әлем чемпионы атағы үшін Дин Лижэн мен Ян Непомнящий арасындағы матчты атап өткім келеді. Сондай-ақ елордада Қазақстан әйелдер командасы мен әлем құрамасының матчын, Ақтауда мектеп командалары арасында әлем біріншілігін, Алматыда ерлер мен әйелдер арасында Азия чемпионатын және басқа көптеген турнирлерді өткіздік. 

Спортшыларымыздың табысы жөнінде айтқанда ең алдымен Польшада өткен әлем чемпионатында күміс медаль алып, өзінің жоғары әлеуетін танытқан әйелдер құрамасын атап өткім келеді. Алғаш рет ересектер арасында біздің команда жеңіс тұғырына көтерілді. Тез шахматтан әлем құрамасы мен Қазақстан арасындағы матчта Бибісара Асаубаева мен Меруерт Камалиденова классикадан төрт дүркін әлем чемпионы Хоу Ифаньды ұтты. Блицтен Азия чемпионы атанған Ксения Балабаева мен Арыстан Исанжұлов қуантты. Ксения оған қоса 20 жасқа дейінгілер арасында блицтен әлем чемпионы атанды. Классикадан әлем чемпионатында 10 жасқа дейінгілер арасында Данис Қуандықұлы үздік шықты. Біздің жаңадан гроссмейстер болған Әлішер Сүлейменовтің классикадан Мангус Карлсеннің өзін жеңуі әлемде үлкен серпіліс туғызды. 

Егер 2023 жылы Азия және әлем чемпионаттарында классикадан, рапидтен және блицтен түрлі жастағы шахматшыларымыз жеңіп алған медальдарды санасақ, олардың саны 111-ге жетеді, бұл — үлкен табыс. 2023 жылды қорытындылаған ҚР Туризм және спорт министрлігінің KazChess/ҚФШ президенті Тимур Турловты «Аккредиттелген спорттық федерацияның үздік президенті» (Қазақстанда федерация 120 шамасында) аталымымен марапаттауы тегін емес.

— Қазақстанда шахматты дамытудың кешенді жоспарында жеті мақсаттың ішінде қазақстандық шахматшылардың 20 жасқа дейін гроссмейстерлік атағын алу туралы да бар. Жасөспірімдер арасында бұл мақсатқа кім қол жеткізе алады деп ойлайсыз?

— Үндістанның Ченнай қаласында 2022 жылы өткен соңғы шахмат олимпиадасында біздің қос құрама әйелдер бесінші, ерлер 17-орын алып, өздерінің үздік нәтижесін көрсетті. Бірақ әйелдер құрамасы әлемде ең жас және болашағы зор деп саналса, ерлер командасы жастарға бағыт ұстанды, соның алғашқы жемісі 2026 жылы көрініп қалар. 

Қалай айтқанда да, өткен жылы көптеген халықаралық турнирлер өткізіп, біз жас шахматшыларымыздың кәсіби өсуіне негіз қаладық. Бұдан бөлек, олардың жеке гранттары үздік бапкерлерден дәріс алып, шетелдік жарыстарға қатысуына мүмкіндік береді. Ойыншыларға федерацияның бапкерлік құрамы да барынша қолдау көрсетуде. Айталық, Владислав Ткачёв ерлер құрамасымен тығыз жұмыс жасаса, Александр Моисеенко әйелдерге көмектесуде, сондай-ақ қазақстандық бапкерлер Павел Коцур, Евгений Владимиров, Әнуар Исмағамбетов және басқаларын атап өте аламын. Әлемдік шахматтың корифейі Борис Гельфандпен біздің жетекші шахматшыларымыздың оқу-жаттығу жиынын өткізуі үлкен пайда әкелді. 

20 жасқа дейін гроссмейстер атағын алуға келсек, бұл міндеттің, менің ойымша, күрделі болатын себебі, біз оған қысқа мерзімде қол жеткізбекшіміз. Бұл нормативті орындауға небәрі 15 жасар Алдияр Аңсат өте жақын, ол — Қазақстан чемпионы, гроссмейстерлік ұпайы бар. 2024 жылы ол қалған екеуін орындап, 16 жасында гроссмейстер атанып, менің рекордымды (мен 19 жасымда болдым) жаңартады деп үміттенемін. Оған өте қуанышты болар едім. 

Бірақ шахмат әлемінде 16 жасқа жетпей-ақ гроссмейстер атанғандар аз емес. Әрине, мәселе тек жаста ғана емес, шахматты түсініп, ойын сапасын арттыра білуде. Алдиярдың бірнеше жылдан кейін әлемдік элитаға енуіне барлық мүмкіндігі бар. Сондықтан біз онымен де, басқа да үміт күттіретін жастар — 2022 жылғы Қазақстан чемпионы Рамазан Жалмаханов, 18 жасқа дейінгілер арасында рапид пен блицтен 2022 жылғы әлем чемпионы Қазыбек Нөгербекпен де жұмыстанамыз. Олардан үлкенірек, гроссмейстер атанып үлгерген Әлішер Сүлейменов пен Денис Махнёв бар, олар нағыз дер шағында. Әрине, талантты жастар да өсіп келеді. Өткен жылы Нидерланд қаласы Эйндховенде 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер шахмат олимпиадасында біздің қос құрамамыз 4-інші және 6-орынға ие болды. Бұл да — тамаша көрсеткіш.

Өткен жылы біз жас таланттарды қолдау бағдарламасын іске қостық. Тәуелсіз комиссия нақты критерийлер (халықаралық және ұлттық турнирлердегі жетістіктер, басқа көрсеткіштер) бойынша 2007-2014 жылдары туған 45 үздік жас шахматшыны анықтады, әрі қарай алтын, күміс және қола қоржын бойынша қолдау көрсетіледі. Алтын қоржын аясында ең талантты, ең болашағынан зор үміт күттіретіндерге айрықша қолдау көрсетілетінін айтқым келеді. Бұл — болашаққа салынған инвестиция, таяу уақытта өз жемісін береді деуге болады. 

— Сіз шахматшыларымыздың Ченнай олимпиадасындағы рекордтық орындарына тоқталдыңыз. 10-23 қыркүйекте Будапеште өтетін кезекті шахмат форумында олар осы көрсеткіштен асып түсе ала ма?

— Біз ұзақмерзімді кезеңге қарай өз жұмысымызды бейімдеу үстіндеміз. Сондықтан 2026 жылы нағыз бәсекеге қабілетті ерлер командасын құрамыз деп сенеміз. Дегенмен Будапеште жастарымыз жекелеген, сондай-ақ жалпы нәтижемен де қуантады деп үміттенемін. 
Әйелдер командасы туралы айтсам, өкінішке қарай, біздің атақты спортшыларымыз Жансая Әбдімәлік пен Динара Сәдуақасова онша жиі өнер көрсете бермейді. Екінші жағынан, Бибісара Асаубаева нағыз көшбасшыға айналды, өткен жылы Польшаның Быдгоще қаласында әлем чемпионатында (күміс) және Қытайдың Ханчжоуында (қола) Азия ойындарында біздің команданы алға жетелей білді. Оның соңынан жас, бірақ өте дарынды шахматшылар — Меруерт Камалиденова, Алуа Нұрман, Ксения Балабаева ілесуде. Мүмкін, Жансая мен Динара да құрамаға қосылып қалар. Олай болған жағдайда бапкерлік штабқа таңдау оңайға түспейді. Аталған спортшылардан басқа Польшада тамаша ойнаған Әмина Қайырбекова бар. Қызылордадан қос бірдей тамаша шахматшы — Назерке Нұрғали мен Әсел Серікбай, кіші жастағылар арасында әлденеше рет әлем чемпионы болған Зарина Нұрғалиева бар. Басқа да талантты спортшылар жетерлік. Негізгі құрамға кімдер енетінін шамалаймыз, бірақ олимпиада қарсаңында жарқ етіп көрінген спортшылардың бірі Будапешке аттануы ғажап емес.

— Құрамаға іріктеу қалай жүргізіледі? Құраманы анықтау кезінде кімнің пікірі шешуші рөл ойнайды?

— Бапкерлік кеңестің жалпы пікірі шешуші болатыны даусыз. ҚФШ президиумы үшін ол ұсынбалық сипатта болғанымен, соңғы кезде президиумның құраманы жасақтау бойынша таласқа түскенін көрген жоқпын. Бапкерлік кеңес өте кәсіби жасақталған, онда мықты жаттықтырушылар, гроссмейстерлер бар.

— Сізді Chess Legends сияқты инновациялық оқыту жобасының басты қозғаушы күші ретінде білеміз. Қазір бұл жоба қалай дамытылып жатыр?

— Chess Legends мобильді қосымшасын қазақстандық мамандар командасы жасап шығарды, оның көмегімен қазірдің өзінде әлемнің 116 елінде сапалы шахмат біліміне қол жеткізуде. Ол Freemium үлгісіне негізделген, яғни әлемнің экс-чемпиондары Владимир Крамник пен Хоу Ифань, чемпиондық атақтан үміткер Борис Гельфанд, Гарри Каспаровтың бұрынғы бапкері, қазір Қазақстан балалар-жасөспірімдер құрамасының бас жаттықтырушысы Евгений Владимировтың тегін бейнесабақтары қолжетімді. Онда менің де бейнесабақтарым бар. 

Осы контент негізінде Chess Class қосымшасын да жасап шығардық. Жеке оқытуға бағытталған Chess Legends қосымшасынан ерекшелігі, Chess Class тек шахмат үйірмелерінде ғана емес, білім мекемелері — мектептер мен балабақшаларда топтық дәрістер үшін қолданылады.

Соңғы жаңалықтар