Астанадағы «Атамекен» этно-мемориалды кешені басқа жерге көшіріле ме
АСТАНА. KAZINFORM — «Атамекен» этно-мемориалды кешені қазір жабық тұр. Астана қаласының Мәдениет басқармасы бұл нысанға қатысты алдағы жоспары туралы мәлім етті.

— «Атамекен» этно-мемориалды кешені апатты жағдайда деп танылғандықтан, жұмысын тоқтатты. Биыл этно-мемориалды кешенді сүру жоспарда жоқ, — деп жауап берді басқармадан агенттік тілшісіне.
Сондай-ақ кешеннің қызметкерлері түгелдей жұмыспен қамтылған.
— Кешенде 26 қызметкер жұмыс істеді, қазір бұл қызметкерлер Астана қаласы әкімдігінің «Бірлескен мұражайлар дирекциясы» мемлекеттік мекемесінде жұмысын жалғастырып жатыр, — делінген ресми сауал жауабында.
Басқармадан мәлім еткендей, болашақта басқа жерде «Атамекен» этно-мемориалды кешені тектес нысан салу жоспарда жоқ.

Еске сала кетейік, «Атамекен» этно-мемориалды кешені 2001 жылы 8 қыркүйекте ашылды. Кешен аумағында барлығы 200-ден астам миниатюра бар. Қазақстанның үлкен картасына барлық облыстар мен еліміздің бас қалалары — Астана мен Алматы сыйған.

Ресми мәліметке сүйенсек, кешенді 2023 жылы — 17 859 адам, 2024 жылы — 27 055 адам тамашалаған.