Астанадағы автобус апаты: жүргізуші қамауға алынды
АСТАНА. KAZINFORM — Кеше елордада жолаушылар автобусы апатқа ұшырап, 15 адам зардап шекті. Жол апатына айыпты деп танылған жүргізуші қамауға алынды.

— Жолаушылардың денсаулығына ауыр зиян келтірген жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Автобус жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, — деген хабар алдық Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Еске салайық, кеше кешке Астанада қоғамдық көлік жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол жиегіндегі бағанға соқтығысты. Салдарынан бірнеше адам зардап шекті.
Артынша бір зардап шегуші жолаушының жағдайы ауыр екені және ота жасалғаны хабарланды.
Бүгін зардап шеккен 1 жолаушының аяғына ампутация жасалды.
Сондай-ақ елорда әкімдігі жол апатынан зардап шеккен жандарға өтемақы төлейтіні белгілі болды.