Астанадағы бокстан әлем кубогына қатысатын құрамалар саны көбейді

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада өтетін бокстан әлем кубогына қатысатын құрамалар саны көбейіп, қазір олардың саны 33-ке жетті.

Астанадағы бокстан әлем кубогына қатысатын құрамалар саны көбейді
Фото: Қазақстан ҰОК

Оған әлемнің үздік былғары қолғап шеберлері қатысады деп жоспарланып отыр. Ел құрамасы онда бірінші құрамымен шаршы алаңға шығады.

Әлем кубогы елордадағы Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді.

World Boxing турнирі үш кезеңнен тұрады. Сәуір айында Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында World Boxing аясында өткен бокстан әлем кубогында Дәулет Төлемісов (85 келі), Нұрсұлтан Алтынбек (55 келі), Жазира Орақбаева (51 келі) чемпион атанды.
Ал Ұлжан Сәрсенбек (57 келі), Диас Молжігітов (75 келі), Даниял Сапарбай (90 келіден жоғары) қола жүлдеге қол созды.

Ал үшінші кезең 21-27 шілде аралығында өтеді. Әзірге оның қайда өтетіні белгілі болған жоқ.
Бас бапкер Қайрат Сәтжанов аталған жарысқа бірінші нөмірлі былғары қолғап шеберлеріне үміт артатынын мәлім етті. Олардың қатарында Санжар Тәшкенбай (50 келі), Махмұд Сабырхан (55 келі), Серік Теміржанов (60 келі), Ертуған Зейнуллинов (65 келі), Абылайхан Жүсіпов (70 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Бекзад Нұрдәулетов (85 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) бар.
Ұлттық құрама алғашқы оқу-жаттығу жиынын 1-18 мамыр аралығында Түркістан облысында өткізді. Енді дайындықтың екінші кезеңі 26 мамыр-9 маусым аралығында Ақмола облысы Щучинск қаласында ұйымдастырылады.

Соңғы оқу-жаттығу жиыны 17-29 маусым аралығында өтеді. Бұл — халықаралық деңгейде өтетін біріккен жаттығу жиыны. Оған АҚШ, Канада, Ирландия, Бразилия және Аустралия сынды елдердің боксшылары қатысады.

Соңғы жаңалықтар