Астанадағы «Керуен» СОО жанындағы жер мемлекет меншігіне қайтарылуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласы прокуратурасы «Керуен» сауда орталығы маңындағы жер телімдерін сату заңдылығын тексеру қорытындысына қатысты сотқа талап-арыз берді.

Есіл ауданы прокуратурасы 2025 жылғы 1 шілдеде Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотына Достық көшесі, №7 және №7/1 мекенжайында орналасқан жер учаскелерін сату-сатып алу шарттарын жарамсыз деп тану және оларды қаладағы арнайы жер қорына қайтару туралы талап-арыз түсірген.
Қазіргі уақытта іс сот қарауында.
Бұған дейін сот шешімімен Достық көшесіндегі №7 (0,2218 га) және №7/1 (1,0965 га) жер телімдері мақсатты пайдаланылмағаны үшін заңды тұлғалардан алынған.
Аукцион нәтижесінде 2023 жылғы қыркүйек пен қарашада №7 учаске жеке тұлғаға 68 млн теңгеге, ал №7/1 учаске заңды тұлғаға 176,9 млн теңгеге сатылған.
2024 жылғы наурызда әкімдік қаулысымен бұл жерлер мемлекеттік мұқтаждыққа алынатын аумақтарға енгізілген. Олардың нарықтық құны 1 млрд теңгеден асқан. Алайда бұл сома бюджеттен төленбеген, себебі қалалық мәслихат сатып алу жобасын мақұлдамаған.
Кейін депутаттар 2023 жылы 175 млн теңгеге сатылған жерді мемлекет 1 млрд теңгеден аса сомаға қайта сатып алуы мүмкін екеніне наразылық білдірді. Осыған байланысты депутаттардың бірі аукцион заңдылығын тексеру үшін прокуратураға жүгінген.