Астанадағы көлік кептелісі мәселесі өте өзекті болып тұр – Мемлекет басшысы
АСТАНА. KAZINFORM — Елорда әкімі тиянақты жұмыс істеп отыр. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

- Астанада қордаланған мәселелерді шешу және қаланы абаттандыру үшін көп жұмыс атқарылып жатыр. Бәріміз куәміз. Жалпы, қала әкімінің тиісті қабілеті бар, тиянақты жұмыс істеп отыр. Дегенмен, Астанада көлік кептелісі мәселесі өте өзекті болып тұр. Сондықтан осы бағытта шұғыл шаралар мен шешімдер қабылдау қажет, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент тағы бір маңызды міндет ретінде тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін кәсіпорындар салу керек екенін атап өтті.
- Бұл мәселе тек елордаға емес, барлық облыстардың басты қалаларына қатысты. Салынып жатқан тұрғын үйлердің сапасы, жерасты коммуникацияларының құрылысы және жөндеу жұмыстары басты назарда болуы қажет, - деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.
Мемлекет басшысы 2024 жылды еліміз оң көрсеткіштермен аяқтағанын айтты.