Астанадағы мектептерде тұмауға байланысты таңғы фильтр енгізілді
АСТАНА. KAZINFORM – Елорда мектептерінде тұмау мен ЖРВИ жағдайларының көбеюіне байланысты уақытша «таңғы фильтр» режиміне өтті.
Енді мектепке кірген әр оқушының қызуы өлшеніп, денсаулық жағдайы бақыланады. Бұл уақытша шара аурудың таралу қаупін төмендетуге бағытталған.
Оқу орындарында кабинеттерді желдету, дезинфекция жүргізу күшейтілдіф. Сондай-ақ, оқушылар көп жиналатын мектепішілік іс-шаралардың саны азайтылған.
- Балалар таңертең келген кезде температура өлшейтін құралдан өтеді. Егер қызуы көтеріліп тұрса, міндетті түрде медбикеге жіберіледі. Бірінші ата-анасына хабарлаймыз. Егер жедел жәрдем шақыруға рұқсат болса шақырамыз немесе ата-анасы алып кетеді, - деді Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназияның директоры Гүлжанат Абдрахманова.
Оның айтуынша, оқушылар көп жиналатын іс-шаралардың саны қысқартылған.
Айта кетейік, бұған дейін СҚО-да 108 сыныптың оқушылары ЖРВИ-ге байланысты онлайн оқып жатқанын жазған едік.