Астанадағы мейрамханалардың бірі өртке оранды
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада Дінмұхамед Қонаев көшесі бойында орналасқан мейрамханалардың бірі өртенді. Қазіргі уақытта Төтенше жағдай министрлігінің күштері өртті оқшаулады.
— Нақтыланған мәліметтер бойынша, Дінмұхамед Қонаев көшесі бойындағы мейрамханалардың бірінде үйдің сыртқы қаптамасы мен желдеткіш жүйесінің жылытқышы жанған. Зардап шеккендер жоқ, - деп атап өтеді ведомстводан.
Айта кетейік, кеше Премьер-министр Олжас Бектенов құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысын өткізді. Оның барысында мереке күндері өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне де көңіл аударылды.
– ТЖМ күштерімен адамдар көп жиналатын 7 мыңнан астам нысанға тексеру жүргізілді және өрт қауіпсіздігі бойынша анықталған заңбұзушылықтар жойылды. Жаңа жылдық іс-шаралар өткізілетін орындар тексеріліп, пайдалануға рұқсат берілді. Халықтың әлеуметтік осал санатындағы азаматтар тұратын тұрғын үйлерде өртке қарсы датчиктерді монтаждау жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта 36 мыңнан астам қорғаныс құрылғылары орнатылған, - делінген Үкімет баспасөз қызметі таратқан хабарламада.