Астанадағы пара дзюдодан әлем чемпионатында жекелей сын мәресіне жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада өтіп жатқан пара дзюдодан әлем чемпионатында қазақстандық балуандар жекелей сында 9 медаль жеңіп алды.

Астанадағы пара дзюдодан әлем чемпионатында жекелей сын мәресіне жетті
Фото: Қазақстан Пара дзюдо федерациясы

Пара дзюдодан алғаш рет IBSA Judo World Championships Astana жарысы ұйымдастырылды. Онда жекелей сындағы белдесулер аяқталды.

Жаһандық додада 10 салмақта жүлде жиынтығы сарапқа салынды. Ерлер 70, 81, 95, 95 келіден жоғары салмақта белдессе, әйелдер 52, 60, 70, 70 келіден жоғары салмақта жүлдеге таласты.

Сондай-ақ, Халықаралық дзюдо федерациясы тәжірибе ретінде Олимпиада салмағына кірмейтін 2 салмақта (ерлерде 64, әйелдерде 46 келі) жүлде сарапқа салынды.
Жарыстың өтуіне Халықаралық зағиптар спорт федерациясы (IBSA) қолдау білдірді. Онда 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін Паралимпиадаға маңызды рейтингтік ұпайлар сарапқа салынады.

Екі күннің қорытындысы бойынша ел құрамасы 2 алтын, 2 күміс және 5 қола жүлде еншіледі.
Қазақстандық жүлдегерлер тізімі:

* Жұрқамырза Шукурбеков — алтын (+95 келі, J2 санаты)
* Бексұлтан Құлмырза — алтын (81 келі, J2 санаты)
* Ғалымжан Смағұлұлы — күміс (81 келі, J2 санаты)
* Аяла Мереке — күміс (70 келі, J2 санаты)
* Ерғали Шамей — қола (81 келі, J1 санаты)
* Даяна Федосова — қола (60 келі, J2 санаты)
* Айназ Куралова — қола (46 келі, J1 санаты)
* Бағланбек Оналбек — қола (+95 келі, J1 санаты)
* Ерлан Утепов — қола (+95 келі, J1 санаты)

Бүгін, 15 наурызда командалық бәсекеден жүлделер үлестіріледі.

Соңғы жаңалықтар