Астанадағы сауда орталығында бомба бар деп жалған хабар берген украиналық ұсталды

АСТАНА.KAZINFORM – Қазақстан полициясы халықаралық әріптестермен бірлесіп киберқылмысқа қарсы жұмысты күшейтіп отыр. Бұл туралы ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

тұтқындау
Фото: Polisia.kz

Оның сөзінше, терроризм актілері туралы көрінеу жалған хабарлайтын адамдарды анықтау бойынша жұмыс жалғасып жатыр.

– Мысалы, тамыз айында халықаралық өзара іс-қимыл шеңберінде Украинаның киберполициясымен бірлесіп, осы елдің тұрғынын ұстадық. Ол Астанадағы сауда орталықтарының бірінде жарылғыш құрылғы орнатылды деп көрінеу жалған хабар берген, – деді департамент басшысы.

Сондай-ақ Ресей ІІМ қызметкерлерімен бірлесіп, Астана мен Алматыда полицияны жалған шақыртумен біреудің мекенжайына жіберген 3 жағдай бойынша Ресей азаматы анықталды. Департамент басшысы азаматтардың дербес деректерін заңсыз жинау және тарату мәселесінің де өзекті екенін атап өтті.

– Мамыр айында Чехия полициясымен бірлесіп, Усть-над-Лабем қаласында Қазақстан азаматтарының дербес деректерін таратқан халықаралық арнаны жою бойынша арнайы операция жүргіздік, – деді Жандос Сүйінбай.

Аталған іс бойынша Усть-над-Лабем, Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында 6 адамның тұрғылықты мекенжайында тінту жүргізілді. Олардың барлығы – Қазақстан азаматтары. Қылмыстық схеманың 3 тікелей ұйымдастырушысы ұсталып, қамауға алынды.

Айта кетейік, үш айда 1595 киберқылмыс анықталды.