Астанадағы жаңа әуежайдың құрылысы қашан басталады

АСТАНА. KAZINFORM — Президент Жолдауын іске асыру аясында барлық автокөлік өткізу бекеттері жаңғыртылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлім етті.

Астанадағы жаңа әуежайдың құрылысы қашан басталады
Фото: Kazinform/ЖИ

— Көлік-логистика әлеуетін нығайту аясында елдің инфрақұрылымын кеңейту негізгі бағытқа айналады. 2027 жылдың мамыр айында Зайсан, Катонқарағай және Кендірліде жаңа әуежайларды пайдалануға беру жоспарланған, ал маусым айында ірі әлемдік компанияны тарта отырып, Астанада әуежай құрылысы басталады. Сонымен қатар, 2027 жылдың соңына дейін «Бақты — Аягөз» теміржол желісін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл Қазақстанды Еуразиядағы көлік-логистикалық хабқа айналдыру бойынша жүйелі жұмыстың бір бөлігі болады, — деді Серік Жұманғарин.

Оның айтуынша, автокөлік саласында республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарды салу мен қайта құру жұмыстары жалғасады, оның ішінде «Арал — Каспий» және «Көкшетау — Петропавл» күре жолдары қарастырылған.

— Барлық автокөлік өткізу бекеттерін толық қайта құру, сондай-ақ зияткерлік көлік жүйесін енгізу арқылы жүк тасымалын электрондық құжаттарға көшіру жүзеге асырылады, — деді министр.

Бұған дейін хабарланғандай, бүгін Үкімет отырысында Мемлекет басшысының биылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының» жобасы мақұлданып, тиісті қаулы қабылданды.