Астанадағы жәрмеңкеде Абай мен Атырау облыстарының 400 тонна өнімі ұсынылады
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада өтетін жәрмеңкеде Абай мен Атырау облыстарынан жеткізілген 400 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері сатылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астанада алдағы өңірлік ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі 20-21 қыркүйек күндері өтеді.
Биыл өз өнімдерін Абай мен Атырау облыстарының тауар өндірушілері ұсынады.
Жәрмеңкеде Абай және Атырау облыстарының аграрлық өндірушілері әртүрлі ет, балық, сүт өнімдері, бакалея тауарлары, сондай-ақ көкөніс пен жеміс-жидекті тікелей фермерлерден жеткізеді. Бұл азық-түлік қолжетімділігін арттыруға және отандық өндірушіні қолдауға ықпал етеді.
— Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері Астанаға шамамен 400 тонна өнім әкеледі, оның ішінде 140 тонна ет және ет өнімдері, 80 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 70 тонна бал, 50 тонна бақша өнімдері, 25 тонна балық, 15 тонна сүт өнімдері, шамамен 20 тонна басқа азық-түлік өнімдері бар, — делінген хабарламада.
Қала тұрғындары мен қонақтары өнімді тікелей фермерлерден сатып алып қана қоймай, өңірлік шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерттік бағдарламаны да тамашалай алады. Жәрмеңке 9:00–18:00 аралығында жұмыс істейді.
Еске сала кетейік, биылғы жәрмеңке «Қазанат» ипподромының автотұрағы аумағында, Қарқаралы тасжолы, 1 мекенжайында өтеді. Сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтарының ыңғайлылығы үшін жәрмеңке өтетін орынға № 18, 37 және 303 автобустары қатынайды.
Бұдан бұрын елорданың Алматы ауданында жаңа аллея ашылғаны хабарланды.