Астанадағы «жайлы мектептердің» көбі сол жағалауда салынады

АСТАНА. KAZINFORM – Елордадағы «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынатын мектептердің басым бөлігі Есіл және Нұра аудандарында бой көтереді.

білім
Фото: Kazinform

«Оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу үшін өткен жылы 12 мектеп салынды. Қазіргі таңда екі ауысымда 102 мың оқушы орнына арналған 34 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның 27-сі (екі ауысымда 74 мың орын) жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Оның ішінде 3 мектеп — жекеменшік, 7 мектеп — мемлекеттік және 17 білім ордасы „Жайлы мектеп“ жобасы аясында салынып жатыр. Аталмыш мектептер барлық аудандарды қамтитын болады. Атап айтсақ, Есіл ауданында 10 мектеп, Нұра ауданында 7 мектеп, Байқоңыр ауданында 2 мектеп, Алматы ауданында 6 мектеп, Сарыарқа ауданында 2 мектеп ашылады. 27 мектептің 17 мектебі қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. „Жайлы мектеп“ жобасы аясында барлығы 90 мың оқушыға арналған 24 мектеп салынады. Оның 15-і қарқынды дамып келе жатқан Есіл мен Нұра аудандарында орналасады», — деді Астана қаласы білім басқармасының Kazinform сауалына берген жауабында.

Жауапта қазір қала бойынша 102 мың оқушыға арналған 34 мектеп салынып жатқаны айтылған.

«Биыл 27 мектеп пайдалануға беріледі. Астана қаласында 263 мыңнан астам оқушыны қамтитын 175 орта білім беру ұйымы бар. Оның ішінде 102 мектеп — мемлекеттік, 66 мектеп — жекеменшік, 7 мектеп — республикалық. Орын тапшылығына байланысты қаламызда 8 үш ауысымды және бала саны шамадан көп 16 мектеп жұмыс істейді», — деп жазылған ресми жауапта.

Бұған дейін Астана қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев елордадағы үш ауысымды білім ошақтарының ішінде орыс тілінде білім беретін мектеп жоқ екенін айтқан болатын. 

Соңғы жаңалықтар