Астанадағы 51-ші автобуста «жиһадшыны» ұстау операциясы: кондуктор оқиғаның мән-жайын айтып берді

Жол-патрульдік полицияның бірнеше көлігі 51-ші бағыттағы автобусты тоқтатып, барлық жолаушыларды тексеріп шықты. Сақалы бар бір адамды да ұстады. Алайда «автобуста бронды кеудеше мен чемодан ұстаған бір жанкешті бар» деген шұғыл ақпарат расталған жоқ. Автобустың кондукторы «ҚазАқпарат» тілшісіне осы оқиғаның мән-жайын айтып берді.
«Ол адамның үстінде ешқандай бронды кеудеше болған жоқ. Мен өзім көрдім ғой. Толықтау келген үлкен кісі. Анау белі ауратын кісілер киетін белдік бар емес пе? Соны киіп алған еді. Ал қолында чемодан емес, кәдімгідей ноутбук салатын сөмке болды. Іші толған қағаз. Сол адамды көрген бір жас жігіт полицияға звондап, автобуста террорист бар деп айтқан ғой. Сонда өзі Хан Шатыр жақтан мініп, жаңағы кісіден қорыққаннан кейін Ана мен бала орталығынан түсіп қалған. Аялдамада тұрып, автобустың бағыты мен нөмірін айтқан екен», - дейді М.Әшірбай.
Оның айтуынша, автобусты Министрліктер үйі маңайында тоқтатқаннан кейін тәртіп сақшылары «жиһадшы» деген кісіні және сақалы бар тағы бір адамды ұстады. «Ұлты түрікке ұқсайды. Ол байғұс «Нұр Астана» мешіті жақтан мінген. Полиция оны да кешке дейін ұстап тергеді. Бізді Министрліктер үйінен ары қарай көпір жаққа алып кетті де, автобустың сыртқы, тіпті ішкі қаптамаларын шешіп, иттердің көмегімен толығымен тексерді. Сөйтіп, бізді де кешке дейін ұстады. Анау звондаған жас жігітті де алып келді. Ой, жыным келді. Үлкен кісіге қарама-қарсы отырған екен. Содан белдігін бронежилет деп, ноутбуктың сөмкесін чемодан деп, байбалам салған ғой», - деді автобустың кондукторы.
Ал «ол адам жолда келе жатып, намаз оқыған» деген сыбыс шындыққа жанаспайды. Себебі «террорист» деп ұсталған кісі бірден намаз оқымайтынын жеткізген.
Сол күні автобустың жүргізушісі мен кондукторы бір күндік нәпақасынан айырылды. Шығынды звондаған жігіттен өндіріп алайын десе, ол: «Мен сезіктендім, күдіктенгеннен кейін полицияға звондадым», - деп ақталды. Тәртіп сақшылары да бұл мәселені ары қарай қазбалаған жоқ. Оған қоса, 51-ші маршруттар қарайтын 4-ші автобус паркі бағыттан шығып кеткені үшін айыппұл салды. Ішкі істер органдарының тексерісін құлаққа да ілмеді. Автобус жалға берілгеннен кейін штаттан тыс жағдайлар ескерілмейтінін жеткізген.