Астанадағы аффинаж зауыты Ресей мен Ираннан шикізат сатып алуды жоспарлап отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы алтын өңдейтін аффинаж зауыты желтоқсан айында Ресей мен Ираннан шикізат сатып алуды жоспарлауда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслиxатында "Тау-кен Самұрық" АҚ басқарма төрағасы Мәжит Тұрмағамбетов мәлім етті.
None
None

"2014 жылы аффинаж зауыты шамамен 7 тонна алтын өңдеді. Барлық алтынды біз Ұлттық банкке сатудамыз. 2015 жылы 10 тонна алтынды өңдейміз деп болжап отырмыз. Бұл Лондон биржасына шығуға мүмкіндік беретін «GoodDelivery» мәртебесін алуға жеткілікті", - деді ол.

Оның айтуынша, Лондон биржасының «GoodDelivery» мәртебесін алу үшін үш жыл қатарынан кемінде 10 тонна өнім шығару керек.

"Бүгінгі басты мақсатымыз - осы. Зауыттың жобалық қуаттылығы - 25 тонна. Бірақ біз 70 тоннаға дейінгі көлемді де өңдей аламыз. Жылына 150 тонна алтын шығаратын Краснояр зауытымен аз да болса бәсекелесе алу үшін бізге кемінде 18 тонна алтын өңдеу қажет. Ол біздің қолымыздан келеді", - деді ол.

Бірақ қазіргі уақытта дағдарыс салдарынан отандық кәсіпорындар шикізатты өндіруді азайтқан. Соның кесірінен алтын рудасы аз көлемде жеткізілуде, деп отыр "Тау-кен Самұрық" басшысы.

"Бізде шамамен 30 келісімшарт бар. Дегенмен 2013 жылы құлдыраған бағалардың салдарынан отандық кәсіпорындар өздерінің өндірістік қуаттарын толығымен орындамай отыр. Алтын өндіру көлемі елде артқан жоқ", - дейді ол.

Сондықтан М. Тұрмағамбетовтің атап өткеніндей, зауыт шикізатқа зәру.

"Осыған байланысты біз шетелден, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен шикізат іздей бастадық. Себебі фабрикамызды толық іске қоспайынша, оның пайда әкелуі жөнінде сөз қозғай алмаймыз", - деді компания басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, шикізат тапшылығы Ресей елінде де байқалуда. 11 аффинаж зауыты толық қуаттылығын пайдалана алмай отыр. Дегенмен олар Қазақстанға шикізат сатпайды деген сөз емес. Себебі Қазақстан ұсынатын бағалар тиімді.

"Қазір ресейліктер шикізатын өңдеуге әкеледі. Өйткені біздің ұсынатын бағалар әжептеуір қисынды. Желтоқсанда біз Ресей мен Ираннан бірінші жеткізілімдерді күтіп отырмыз", - деп түйді сөзін М. Тұрмағамбетов.

Соңғы жаңалықтар