Астанадағы бокс кеші: Фируза Шәріпова әлем чемпионы болды

АСТАНА.ҚазАқпарат - Қазақстандық боксшы Фируза Шәріпова 10 раундтық кездесуде болгариялық Милена Колеваны айқын басымдықпен жеңіп, WIBA және WBU нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None



Миленаның қазақстандық қарсыласынан ықпағаны алғашқы раундта-ақ көрінген. Десе де, әу бастан-ақ рингте кімнің қожа екенін Фируза көрсете білді. Шабуылдың басым бөлігін де біздің отандасымыз жүзеге асырды. Милена да аянып қалған жоқ. Қарымта шабуылдарының аз болса да кейбірі діттеген жеріне жетіп жатты.

Екінші раундта Фирузаның екі бірдей ауыр соққысы Миленаның жағдайын қиындата түсті. Рингтегі бұдан кейінгі айқас қашу мен қуу мазмұнында жалғаса берді. Фирузаның қарқыны үдеген жоқ. Кейбір кездесулерде 16 раундқа дейін шығып жүрген отандасымыз шынында да,өте жақсы дайындалып келгенін дәлелдеп берді.

Үшінші раунд алғашқы екеуіндегідей Шәріпованың басымдығымен аяқталды. Миленаның бұрыштан бұрышқа қашуы төртінші раундта да жалғасты. Қос боксшының жұдырықтасу әдісі екі бөлек екенін атап өту керек. Миленаның көп жағдайда жылдамдығы қарсыласынан кемшін түсіп жатса, Фируза оқтай қозғалыстың тәртібін меңгерген екен.

Қарсыласын нокаутқа түсіруге тырысып баққанымен, Милена соңына дейін шыдас берді. Бірақ, сегізінші раундта қолдарын сұлқ түсіріп, әбден қалжырағаны анық еді. 10-ыншы раундта екеуі де барын салды. Көпшілік күткен нокаут болмаса да, Фируза даусыз жеңіске жетті.



Еске сала кетсек, бүгін Астанада көптен күткен бокс кеші өтті. Басты кездесуде қазақстандық боксшы Фируза Шәріпова мен болгариялық Милена Колеваның арасында ұйымдастырылды. Кеште алғашқы болып ММА сайысынан рингке шыққан «Алаш Прайд» өкілі Мурод Хантураев украиналық Юрий Проценкодан жеңіліп қалды. Екінші айқаста Темірлан Райымқұлов өзбек спортшысы Степан Партновты төрешілердің шешімімен жеңсе, үшінші кездесуде қазақстандық Әмірхан Төлеуов ресейлік боксшыдан басым түсті. Төртінші додада Айдын Елжанов Абылайхан Есентаевты екінші раундта техникалық нокаутпен жеңген болатын. 

Соңғы жаңалықтар