Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесі қарсаңында қазақстандықтар БАӘ-не визасыз ұша алады

Қазақстандық делегаттардың екі күндік іссапары барысындағы екіжақты келіссөздер қортындысы бойынша 2020 жылы Дубайда өтетін көрме мен 2017 жылғы Астанадағы «ЭКСПО» көрмесіне дайындықты бірге жасауға уағдаластыққа қол жеткізілді, деп хабарлайды 24.kz. - Келіссөз барысында БАӘ Астанада өтетін көрмеге қатысатындығын тағы растады. Сондай-ақ виза алуды жеңілдету туралы келісімге келдік. Қазіргі уақытта дипломатиялық қызметтегі адамдар үшін виза жүйесін алып тастадық. Енді Астанада өтетін көрме қарсаңында 30 күн бойы барлық жолаушылар визасыз жүруге құқылы, - дейді ҚР СІМ бірінші орынбасары, «ЭКСПО -2017» комиссары Рәпіл Жошыбаев. Сондай-ақ Астана мен Дубай арасында туристік компаниялардың бірлесе қызмет жасау туралы меморандумға қол қойылды. «Қазақстанға инвестиция салатындай беделді азаматтарды жіберіп, сіздердің көрікті қалаларыңызды тамашалауды ұсынатын боламыз», - дейді Al Khalidiah Tourism компаниясының президенті Сирак Мурадян.