Астанадағы ең ескі тоғыз ғимарат

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана - әлемдегі ең жас, бірақ қарқынды дамып жатқан қалалардың бірі. Астанаға келген туристердің көбі заманауи архитектураға таңдай қағады. Дегенмен, биік ғимараттар арасында Ақмола деп аталған ескі қаланың бір бөлшегі әлі сақталған. ҚазАқпарат тілшісі Астана қалалық Мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасымен бірлесе отырып, 170 жылдан астам тарихы бар ғимараттардың ТОП тоғыздығын назарларыңызға ұсынады.
None
None

 Көпес үйі - Сәкен Сейфуллин музейі

Астанадағы ең ескі ғимарат қазіргі Сәкен Сейфуллин атындағы музейдің ғимараты. Бұл нысан 1846 жылы салынған.

171 жыл бұрын Ақмола облысында көпестер алқасы бір қабатты осы ғимаратты салдырып, оның жертөлесін сатылған бұйымдардың есебін жүргізетін контор қылған. Ал  ХХ ғасырда көпес үйінің орнына «Зорька» деген балабақша ашылған. 1988 жылы 20 ақпанда бұл ғимаратта  Сәкен Сейфуллиннің музейі ашылып, жазушының аты берілген болатын.

М.Әуезов көшесі, 20. 1846 жылы салынған.

Дәрігердің үйі - музей әкімшілігінің ғимараты

С.Сейфуллин атындағы музейдің әкімшілігі жұмыс істейтін мына ғимаратта ХХ ғасырдың басында Ф.И. Благовещенский атты дәрігер тұрып, жұмыс істеген екен. Кеңес одағы кезінде бұл ғимаратта Орталық облыстық бухгалтерлер мектебі жұмыс істеген.

М.Әуезов көшесі,20а. ХХ ғасырдың басында салынған.

Мұсылманша мектеп- басқарма кеңсесі

ХХ ғасырдың басында қазіргі Отырар көшесінің бойында Ақмоланың ең алғашқы мұсылманша мектебі ашылған болатын. 1907 жылдан бастап медресенің жанынан қырғыз-татар бастауыш мектебі ашылған болатын. Мектепте 27 бала білім алған. №29 үйде -  қыз балалар, №31 үйде - ұл балалар оқыған. 1912 жылы бұл мектепте жазушы, ақын, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің өзі сабақ берген.

Кейіннен ғимарат Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ-музыка драма театрының цехы болса, қазір бұл ғимарат қайта жөнделіп жатыр. Жөнделіп біткен соң қалалық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасы осы ғимаратқа көшіп барады.

 

Отырар, көшесі 1/3, XIX ғасырдың соңында салынған.

 

Константин-Еленин шіркеуі

ХІХ ғасырда Константин-Еленин шіркеуі  салынған болатын. Шіркеу әлі күнге дейін осылай аталады.

1849 жылдың 12 қыркүйегінде Ақмола шіркеуінің дін қызметшісі Михаил Никольский шекара басшысына өтініш білдіріп, шіркеу құрылысын 1850 жылдың көктемінде бастайық деген ойын айтыпты. 1856 жылдың 8 шілдесінде бас шіркеу өкілі Иоанн Торопов жаңа шіркеуге Константина мен Елениннің атын берген.

Республика даңғылы, 12-Б, 1854-1856 жылдары салынған

 

Матвей Кубрин көпестің сауда үйі - «Астана» сауда орталығы

Қазіргі Кенесары көшесінің бойында тұрған бұл ғимарат осыдан 112 жыл бұрын Матвей Кубрин көпес пен оның ұлдарының сауда үйі ретінде салынған. Революциядан кейін бұл ғимаратта қалалық кітапхана, баспахана, экономикалық бөлім жұмыс істеген. Уақыт өте келе, ғимараттың әуел бастағы «статусы» кейін қайтарылып, әртүрлі дүкендер орналаса бастаған. Кейін, көпестің үйі орталық универмаг болып шықты.

1944 жылы өрт болып, ғимараттың ағаш қаңқалары түгел өртенген. Содан кейін алты жылдан соң өртенген универмагты қалпына келтіру туралы шешім қабылданған екен. Жөнделген соң ғимаратта нан сатыла бастаған. Қазірде бұл ғимаратта «Астана» сауда орталығы жұмыс істейді.

Кенесары, көшесі 37, 1905-1907 жылдары салынған

 

Василий Кубрин көпестің үйі - Украина елшілігінің ғимараты

Қазіргі Әуезов атындағы көшенің бойында тағы бір Кубрин атты көпеске тиесілі ғимарат тұр. Бірақ Матвей Кубрин емес, Василий Кубрин. Көпес 1910 жылы салынған бұл үйде өмір сүрген.

1920 жылдың қазанында бұл үй ресми түрде «Алғашқы кеңесшілер үйі» болып өзгерді. ХХ ғасырдың ортасында ғимарат «Пионерлер үйіне» айналған. ХХ ғасырдың 80-інші жылдарында ғимарат ішінде Целиноград облыстық тарихи-өлкетану музейі орналасқан болатын. 2000 жылдан бастап бұл ғимаратта Украинаның Қазақстандағы елшілігі жұмыс істеп келеді.

 

Әуезов көшесі, 57, 1910-1912 жылдары салынған

П.Г.Моисеев көпестің үйі - Ардагерлерге арналған аурухана

Матвей Кубрин, Василий Кубрин атты көпестердің жанында П.Г.Моисеев атты тағы бір көпес өмір сүрген болатын.

Моисеев көпестің үйі 1914 жылы салынған. Қазір бұл ғимарат Ұлы Отан соғысы мүгедектерінің Орталық клиникалық госпиталі.

 

 

Бөкейхан көшесі,40. 1914-1918 (1921) жылдары салынған

Мариин гимназиясы - қалалық сот

Қазір Астана қаласының мамандандырылған соты орналасқан ғимарат ХХ ғасырдың басында Мариин гимназиясы үшін салынған болатын. Әр жылдары бұл ғимаратта Қазақстан коммунистік партиясының облыстық комитеті, қалалық аурухана, Қазақстан Республикасының жоғарғы соты орналасқан болатын.

 

Омаров көшесі,  57, ХХ  ғасырдың басында салынған

Соңғы жаңалықтар