Астанадағы «Қазмедиа орталығының» киноконцерт залында «Дала дауысы» халықаралық радиофестивалінің гала-концерті өтеді

АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат - 21 желтоқсанда Астанадағы «Қазмедиа орталығының» киноконцерт залында сағат 19.00-де «Дала дауысы» халықаралық радиофестивалінің гала-концерті өтеді.
None
None

Гала-концерт «Қазақстан» ұлттық арнасына түсіріліп, алда телекөрермендер назарына ұсынылатын болады, деп хабарлады Қазақ радиосы.

Қазақ радиосы - қашанда ұлттың рухын насихаттап келе жатқан бірден бір арна екені әмбеге аян. Соның бір парасы - қазақ әндері, қазақ әуендері. Ілгері замандағы саяхатшылар «Қазақ даласы ән салып тұрғандай» деп тамсанса, тамсанатындай өнеріміз бар. Туған жерге деген махаббат, Отанға деген ыстық сезімдер шарпыған әндеріміз қаншама.

Таудай биіктік, теңіздей тереңдік, даладай әспеттейтін әуендерімізді насихаттау мақсатында Қазақ радиосы жыл басынан бері «Дала дауысы» атты халықаралық радиофестиваль ұйымдастырып келеді. Оған қатысқан отандық және алыс-жақын шет елдегі әншілерге қазақтың дәстүрлі және эстрадалық әндерін жоғары деңгейде орындау талабы қойылған. Бүгінге дейін Қазақ радиосында, «Шалқар» арнасында және «Астана» радиосында «Дала дауысы» айдарымен белгілі әншілердің орындауындағы әндер рет-ретімен беріліп келеді.

Радиофестивальға қатысқан 130 орындаушыға радиотыңдаушылардың Интернет арқылы берген дауыстары және кәсіби музыка мамандарының пікірлері негізінде 50 орындаушы екінші айналымға өтті. Енді осы 50 орындаушының ішінен үздік 25 өнер саңлағына 3 аталым бойынша «Дала дауысы» деп көркем безендірілген арнайы кәдесыйлар беріледі. Ондағы  аталымдар мыналар: «Үздік дәстүрлі орындаушы», «Үздік эстрада әншісі», «Жаңа есім».

Қазақ радиосы жыл бойы эфирден беріліп, тыңдаушылардың ыстық ықыласына бөленген өнер саңлақтарының әсем әуендерімен тағы да сусындағысы келетін көрермен қауымды «Дала дауысы» радиофестивалінің гала-концертіне шақырады.

Соңғы жаңалықтар