16:48, 06 Қаңтар 2009 | GMT +5
Астанадағы коммуналдық төлемдер тарифтері саласында тұрақтылық бар
АСТАНА. Қаңтардың 6-сы. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Ағымдағы жылы Астанадағы коммуналдық төлемдер саласындағы тарифтік саясат тұрақты болды. ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің (ТМРА) Астана қаласы бойынша департамент бастығының орынбасары Асқар Ермағамбетов 2008 жылдың жетістіктерін осылай бағалап отыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Департамент директоры орынбасарының айтуынша, 2008 жылы елордада тек электр қуатының тарифі 4,6 пайызға көтерілді. Есесіне, ауызсумен қамтамасыз ету қызметінің тарифі 7,4 пайызға, ал кәріздік жүйе қызметінің бағасы 8,1 пайызға төмендетілді. Қалған субъектілердің қызметі үшін белгіленген бағам өзгеріссіз қалып отыр.
Жыл ішінде департамент 15 тексеру жүргізіп, 68 заңнама бұзу оқиғаларын анықтаған. Заңды белден басқан табиғи монополия субъектілеріне 18 әкімшілік айыппұл салынып, 27 миллионнан астам теңге өндірілген. ТМРА Астана қаласы бойынша департаментіне 2008 жылы монополистерден тарифті көтеру жөнінде 8 өтініш түскен. Бір өтініш бойынша оң шешім қабылданып, алтауына тарифті көтеруге рұқсат берілмеді. Ал қалған бір өтініш қаралу үстінде.