Астанадағы мектепте балалардың кептеліп қалуына қатысты білім басқармасы түсінік берді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордалық мектептердің бірінде дәлізде балалардың кептеліп қалғаны туралы бейнежазба тарады. Астана қаласының білім басқармасы бұл жағдайға түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Бұл видео Instagram желісінде «Жалобы Астаны» парақшасында жарияланды. Онда мектеп дәлізі арқылы гардеробқа бара жатқан балалардың шектен тыс жиналғанын, салдарынан сығылысып қалғанын көруге болады. Тіпті көмек сұраған дауыстар да естіледі.

«№71 мектепте сабақтан кейін осындай ретсіздік орын алады. Балалар шошып қалды. Мектеп оқу процесіне мүлдем дайын емес», - делінген бейнежазбада.

Астана қаласының білім басқармасы бұл мектептің үш ауысымды режимде жұмыс істейтінін хабарлады.

«Үшінші ауысым оқушылары алтыншы сабақтан кейін бір мезгілде шықты, кезекшілер сырт киімдерін беріп үлгермеді. Бұл мәселені шешу үшін сырт киімге арналған ілгіштер әр қабатқа қойылды, осылайша гардероб мәселесі 5 қыркүйекте шешілді», - деп жауап берді басқарма ҚазАқпарат сауалына.

Сондай-ақ, ведомство биыл оқушы орнының жетіспеушілігін шешу үшін 11 мектеп ашылатынын, оның 4-і жұмысты бастап кеткенін айтты.

«Оған қоса, қалада «Жайлы мектеп. ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жоба аясында 2024-2025 жылдары 90 мың оқушы сыятын 24 мектеп салынады. Оның ішінде 15 мектеп Есіл және Нұра аудандарында тұрғызылмақ», - деп толықтырды білім басқармасы.


Соңғы жаңалықтар