Астанадағы Отан қорғаушылар монументі алаңында Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесі атап өтілуде
Алматы ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан мерекелік концертте Мемлекеттік филармония мен «Жастар» мәдәниет сарайының әртістері, сондай-ақ №2 өнер мектебінің тәрбиеленушілері өнер көрсетуде.
Ал спорттық мүмкіндіктерін көрсетемін деушілер үшін мұнда қол күресі, кір тасын көтеру, арқан тартысу мен аударыспақтан жарыстар ұйымдастырылды. Сондай-ақ тұрғындар, аудан кәсіпкерлерінің аспаздық шеберлікпен әзірленген өнімдерінен дәм тата алады.
Барша қазақстандықтарды айтулы мерекемен құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Түсіп Рыспеков: «Қазақстанның гүлденуіне әрбір ұлт өкілі өздерінің үлкен үлестерін қосып жатыр, сондықтан бүгінгі той солардың құрметіне арналған. Дендеріне саулық, ашық аспан астындағы бейбіт ғұмыр мәңгілікке жалғассын», деген тілегін білдірді.
Отан қорғаушылар алаңына жиналған бұқара, Қазақстанның тәуелсіз аспанының астында достықта өмір сүріп жатқан конфессиялардың ынтымағын одан сайын нығайта түсуге бағытталған бұл мерекені ерекше көңіл-күймен атап өтетінін айтуда. Мәселен, ұзақ жылдар бойы білім саласында еңбек еткен Жаһангер Байсұлтанқызы: «Мейірімділік пен жүрек жылуы, бейбітшілік пен үміттің бұл меркесі тек біздің еліміздің ғана емес, сонымен қатар туысқан және көршілес мемлекеттер халықтарының мейрамы. Қазақ халқы оның жерін мекен еткен барша ұлт өкіліне, оның діні мен тіліне үлкен құрметпен қарайтынын дәлелдеу үшін елдің барлық өңірлерінде Ұлттық мәдени бірлестіктерді құрды», - деп атап өтті.
Сондай-ақ өзінің жылы лебіздерін, зейнеткер Виталий Чертов та білдірді. В.Чертов бүгінгі Астана жерінде 50 жылдан астам уақыт бойы тұрып келеді. «Өзімнің өмірімде және еңбек жолымда ұлттары бөлек жандардың бірі-біріне ауыр сөз айтып, ренжіскенін естіп, көрген емеспін. Керісінше, бір-бірімізге қажет кезде демеу көрсетіп жүрдік. Осы достықта балаларымды өсіріп, бүгінгі күні немерелер сүйіп отырмын», - дейді зейнеткер.