Астанадағы Съезде әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары қазіргі заманның басты мәселелері - бейбітшілік пен келісім мәселелерін талқылайды

АСТАНА. 25 мамыр. ҚазАқпарат - Бірнеше күннен кейін Астанада дінаралық және конфессияаралық диалог үшін бірегей алаңға айналған әлемдік деңгейдегі форум - Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі төртінші рет өткелі отыр. Халықаралық қоғамдастық әлемнің көптеген елдері үшін  үлгі бола алатын ұлысаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық тәжірибесін таныды.
None
None

Қазақстан өзінің егеменді дамуының жолдарын таңдау тұрған тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен-ақ Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті - Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен бұл саладағы мемлекетіміздің саясатын жаһандық үдерістермен қатар елдегі нақты жағдайды да ескере отырып құрды.

2009 жылғы 1 шілдеде өткен 3-Съезде сөйлеген сөзінде Президент Н.Назарбаев Қазақстанда 3 мыңнан астам мешіт, шіркеулер және ғибадат үйлері жұмыс істейтінін атап өтті.

«Сан ғасырлар бойы түрлі этностар мен діни нанымдардың рухани мұрасымен кемелденген Қазақстанның біртұтас халқы өз бойына толеранттылық, діни төзімділік және жаңа атаулыны қабылдауға деген ашықтық секілді қасиеттерді қалыптас­тырған. Сондықтан да біз ғасырлар бойы қа­лыптасқан осынау адамгершіл импера­тивті бүкіл адамзатқа жеткізуді өз міндетіміз сезінеміз», - деді Президент.

Н.Назарбаев «Біздің жас елордамыздың мәртебелі меймандарды қарсы алуының нышандық сипаты бар. Астана - бұл конфессияаралық келісімнің қаласы. Астана - бұл өзінің бүкіл тарихында аса ұлы өркениеттердің тарихи және мәдени мұраларының тоғысу орталығы болған елдің ордасы», деп атап көрсетті.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алғашқы съезі Н.Назарбаевтың бастамасымен 2003 жылғы 23-24 қыркүйек күндері Астанада өтті. Астанадағы алғашқы діни форумның жұмысына ислам, христандық, иудаизм, синтоизм, индуизм, буддизм діндерінің ең беделді өкілдері қатысты. Адамзат тарихында алғаш рет ірі діни қауымдастықтардың өкілдері бір залда бас қосты. Съезде христиандықтың барлық тармақтарының - православиенің, католицизмнің, протестанттықтың өкілдері болды. Ислам  ойының басты орталықтары өздерінің өкілдерін жіберді, форумға сүннизм мен шииіттік ағымдардың, ірі азиялық діндердің беделді қайраткерлері қатысты. Съезд өркениетаралық және мәдениетаралық диалогтың жаһандық үдерісіне зор үлес қосты және әлемге әртүрлі діндер мен ұлттардың адамдарының болашағы, бейбіт және лайықты өмірі игілігі үшін ынтымақтастық идеясына балама жоқ екенін көрсетті.

Бірінші Съездің қорытындысы әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары қабылдаған Декларация болды, онда конфессияаралық диалог халықтар мен ұлттар арасындағы бейбітшілік пен келісімді ұстап тұрудің, өркениеттер арасындағы диалогты ілгері жылжыту жөніндегі халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін ұстап тұрудың маңызды құралдарының бірі ретінде қаралды. Съезд қатысушылары жаңа мыңжылдықта бейбітшілікті қамтамасыз ету мақсатында рухани құндылықтар мен мәдениет диалогын ілгері жылжыту ісінде өздерінің ынтымақтастықты жақтайтындығын қуаттады. Олар діни әртүрлілікті өшпенділік пен алауыздықтың құралы ретінде пайдалануға жол бермеу, діндер мен мәдениеттердің жаһандық жанжалдарын болдырмау үшін барлық күш-жігерлерін жұмсауға әзір екендігін білдірді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының екінші Съезі Астанада 2006 жылғы 12-13 қыркүйек күндері форумды өткізу үшін арнайы салынған  ғимаратта - Бейбітшілік және келісім сарайында өтті. Съезге Еуропа, Америка, Африка және Таяу Шығыстың 26 елінен 25 дін  басшылары мен 14 құрметті қонақ қатысты, оған қатысушылардың жалпы саны 160 адамнан асты. Бұдан басқа, форумға құрметті қонақ ретінде танымал саясаткерлер, халықаралық ұйымдардың, мемлекеттердің басшылары келді. ІІ съезд «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» деген жалпы тақырыппен «Діни наным-сенім бостандығы және басқа діндерді ұстанушыларды құрметтеу» және «Халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы діни қайраткерлердің рөлі» деген екі бағытта өтті. Форумның алғашқы күні «Дінаралық диалогтың принциптері» қабылданды, онда Съезд жұмысы барысында Форум қатысушылары басшылыққа алған базалық ұстанымдар көрініс тапты. ІІ Съезде Н.Назарбаев алдағы жылдардың бірін Діндер мен мәдениеттер арасындағы диалог жылы деп жариялау туралы бастама көтерді. Бұл бастаманы жүзеге асыру БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-сессиясында қабылданған 2010 жылды «Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық жылы» деп жариялау туралы қарарында жүзеге асырылды.   Съезд қорытындысымен оның қатысушылары барлық діндер мен ұлыстық топтарды мәдени және діни айырмашылықтарға қатысты жанжалдарға жол бермеуге шақырған бірлескен Декларация қабылдады. Бұл құжатта «текетірес идеологиясын» «бейбітшілік мәдениетімен» ауыстырудың жаһандық қажеттігі көрініс тапты. Съезд шешімдері Қазақстанда, сондай-ақ шетелдерде зор қолдау тапты, ірі халықаралық шараға айналды. БҰҰ Бас Ассамблеясының 63-сессиясында  Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 2009 жылы өтетін ІІІ Съезін БҰҰ тарапының қатысуымен және техникалық көмегімен өткізу жөнінде қарар қабылданды.

Үшінші Съезд 2009 жылы 1-2 шілде күндері өтті, оған Еуропаның, Азияның, Таяу Шығыстың және Американың 35 елінен 77 делегация қатысты. Бұл Съездің басты тақырыбы діни көшбасшылардың рөлі болды, онда толеранттыққа, өзара құрмет пен ынтымақтастыққа негізделген әлемді құруда оларға ерекше үміт жүктелді. Съезд ауқымында осы заманғы келісім мен диалогты, бейбітшілікті қамтамасыз етумен байланысты өткір проблемаларды талқылау жөнінде сециялық отырыстар болды. Секциялық отырыстар тақырыптары: моральдық рухани құндылықтар;  әділеттілік, бейбітшілік және қауіпсіздік; қоршаған орта және үйлесім; диалог және әсіресе дағдарыс кезіндегі ынтымақтастық; мәселелерін қамтыды.

Енді Съезд мақсаттарына қол жеткізудің басты буыны Діндер көшбасшыларының кеңесін құру болуы тиіс. Оны құру идеясын Президент Н.Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының үшінші съезінде ұсынған болатын. Бұл органнның міндеті мәдениеттер диалогы мен экономикалық өзара іс-қимылға бағытталған халықаралық ұйымдар мен басқа да форумдар жұмысында диалог пен ынтымақтастықты қамтамасыз ету  басымдықтары мен тетіктерін айқындау болмақ. 2010 жылы 13-14 қазанда Астанада Съезд Хатшылығы жұмыс тобының отырысы өтті, онда Діндер көшбасшылары кеңесінің тұғырнама жобасы талқыланды. Талқылау барысында Діндер көшбасшыларының кеңесін құру  әртүрлі діндер өкілдері арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге жәрдемдесетіні атап өтілді.

Кеңестің алғашқы отырысы төртінші Съезд қарсаңында өтпек. Алдағы Съездің тақырыбы: «Бейбітшілік пен келісім - адамзаттың таңдауы». Халықаралық қатынастар саласындағы күн тәртібінде басты орын алатын бейбітшілік пен келісім мәселелерін талқылауды бұрынғы өткен съездердің сабақтас жалғасы ретінда қарауға болады. Төрт секциялық отырыстар өткізу жоспарлануда. «Орнықты дамуға қол жеткізуде дін басшыларының рөлі», «Дін және мультимәдениеттілік», «Дін және әйел: рухани құндылықтар және заманауи қатерлер», «Дін және жастар»  деген тақырыптардағы ұсынылатын талқылаулар бүгінгі күнгі қоғамдағы өзекті мәселелер болып табылады.

30-31 мамырда болатын төртінші Съезге Бүкләлемдік ислам лигасының президенті Шейх Абдалла Бен Абдель Мухсин ат-Турки, Сауд Арабиясы Королының өкілі, осы елдің Консультативтік кеңесінің төрағасы Абдалла әл Аш-Шейх, Әл-Әзһар мешітінің бас имамы Шейх Ахмад Мухаммад ат-Тайиб, Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Кирилл, Бүкіләлемдік лютеран федерациясының бас хатшысы Мартин Юнге және басқа да танымал дін басшылары қатысады. Әлемдік діни конфессиялардың, мемлекеттер мен үкіметтердің, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың басшылары, мәдениетаралық диалогты ілгері жылжыту саласындағы қызметті жүзеге асыратын көрнекті ғалымдар, сарапшылар, қоғам қайраткерлері мен көрнекті саясаткерлердің қатысуы күтілуде.

Дінаралық диалогты ұйымдастыруға ұмтылыс басқа да көптеген елдерде бар екенін атап өту қажет. Дегенмен осындай форумдар бастамашыларының бірде-бірі осы кезге дейін осынша құрамдағы әлемдік және дәстүрлі діндердің ең беделді басшыларының басын қоса алған жоқ.   Сондықтан да Астанада үш жылда бір рет өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі бүкіл әлем қоғамдастығының назарын аударып отырған бірегей оқиға. Барған сайын көрнекті сипат алып, бүкіл әлемдік танымалға ие бола отырып, Съезд ең жоғары деңгейде өркениетаралық, мәдениетаралық диалогтың дамуына барған сайын елеулі үлес қосатын болады.

Соңғы жаңалықтар