Астанадағы триатлон жарысынан түскен қаржы паратриатлон спортын дамытуға жұмсалады

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Самат Жылқыбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін елордада қысқы триатлоннан қайырымдылық жарысы өтіп жатыр. 150 қатысушы өзара бақ сынайды. Қатысушылардың деңгейіне қарай 2 топқа бөлдік. Кәсібилер және әуесқойлар. Жарыс елордада бұқаралық спортты дамыту мен насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр», - деді Самат Жылқыбаев елордада қысқы триатлоннан өтіп жатқан жарыс барысында.
Оның айтуынша, астаналықтар арасында бұқаралық спортты насихаттау мақсатында апта сайын түрлі форматта спорттық шаралар өтіп жатыр.
«Бүгінгі жарыс қайырымдылық шарасы ретінде ұйымдастырылды. Шарадан түскен қаражат елордада паратриатлон спортын дамытуға жұмсалады. Біз бұқаралық спортқа ерекше мән береміз. Ол үшін әр аптада түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылады. Соның бірі биыл жазда жүгіруден ауқымды марафон өткізуді жоспарлап отырмыз», - дейді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай елордада қысқы триатлоннан жарыс өтіп жатыр. https://kaz.inform.kz/news/elordada-kysky-triatlonnan-zharys-otip-zhatyr_a3904866