13:08, 02 Маусым 2009 | GMT +5
Астанадағы жаңа халықаралық университетке қабылдау ережесі «Болашақ» бағдарламасының іріктеу шарттарына ұқсас болады
АСТАНА. Маусымның 2-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Елордада салынып жатқан жаңа халықаралық университетке қабылдау ережесі «Болашақ» бағдарламасының іріктеу шарттарына ұқсас болады.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Астанадағы әуежай бағытындағы жолдың бойында салынып жатқан аумағы 100 гектар оқу орнының құрылысы жалғасуда. Оның бірінші кезеңі биылғы жылғы қыркүйектің 1-інде тапсырылады және осы ғимаратта жаңа оқу жылы басталады. Бірінші кезектің қуаттылығы 4 мың адамға арналған. Ал жоба толығымен аяқталғаннан кейін бұнда 25 мың студент білім алатын болады»,-деді министр.
Жаңа университетте әлемдік стандарттарға сәйкес білім берілетінін жеткізген ол, негізгі мамандықтар бойынша кадрлар ағылшын тілінде дайындалатынын айтып өтті.
«Онда ақпараттық және коммуникациялық технология, ғарыш, нанотехнология, компьютерлік инжиниринг мамандықтары бар. Алғашқы кезеңде университеттің академиялық құрылымының негізін ақпараттық және коммуникациялар, қолданбалы технологиялар, инжиниринг және технологиялар институттары құрайды. Сонымен қатар, оқу орнының құрамында дайындық мектебі, қайта даярлау және қабілеттілікті арттыру орталығы, шетел тілдерін оқыту мектебін ашу жоспарлануда. Әрбір құрылымдық бөлімше жетекші батыс университеттерімен серіктестік негізінде басқарылады. Білім беру, оның ішінде дайындық мектебінде оқыту гранттар негізінде жүргізіледі. Алғашқы қабылдау биылғы жылы өткізіледі. Бұл дайындық бөліміне 200 адам қабылданады», - деді ол.
Министрдің айтуынша, жаңа оқу орнына қабылдау ережесі «Болашақ» бағдарламасының іріктеу шарттарына ұқсас болады. Профессорлық-оқытушылық құрам толығымен серіктес университет арқылы қамтамасыз етіледі.
Ж. Түймебаевтың сөзіне қарағанда, құрылысқа бөлінген 2008-2010 жылдардағы қаражаттың жалпы көлемі 25 миллиард теңге. Оның ішінде 2008 жылы мақсатты трансферт түрінде 5 миллиард теңге бөлінсе, 2009 жылы жоспарланған 10 миллиардтың 5 миллиард теңгесі аударылды.