Астанадан 100 тонна қоқыс шығарылды
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында қала аумағын санитарлық тазарту мен абаттандыруға арналған «Таза қала» акциясы өтті.
Экологиялық іс-шара қаладағы барлық ауданды қамтыды.
Оған 30 мыңға жуық адам қатысты. Атап айтқанда, елорда тұрғындары, коммуналдық қызмет өкілдері, бизнес қауымдастық, оның ішінде құрылыс және қаржы ұйымдары, ПИК пен МИБ ұжымдары, еріктілер, студенттер, эко-белсенділер және танымал спортшылар жұмылдырылды.
Сонымен қатар акцияға 2 239 кәсіпорын мен ұйым атсалысты, 900-ден астам арнайы техника шығарылды.

Сенбілік қыс мезгілінен кейінгі санитарлық тазалық жұмысын жүргізуге, сондай-ақ қаланы абаттандыру мен көгалдандыруға арналды. Оған қатысқандар аулаларды, көшелерді, саябақтар мен қоғамдық кеңістіктерді ретке келтірді.

Ауқымды акция барысында 1 232 аула аумағы тазартылды. Оның ішінде көпқабатты тұрғын үйлер мен жеке сектор аулалары бар. Қала аумағынан шамамен 100 тонна қоқыс шығарылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың қоршаған орта тазалығына жауапкершілігін арттыру және оларды абаттандыру жұмысына кеңінен тарту.

Қала әкімдігі тұрғындарды «Таза Қазақстан» экологиялық айлығын қолдауға және ортақ іске үлес қосуға шақырады.

Әрбір тұрғын мен ұйым көшелер мен аулаларды көркейтуге атсалысып, Астананы таза, жайлы әрі экологиялық қалаға айналдыруға үлес қоса алады.
Айта кетелік Президент Таза Қазақстанның түпкі мәні қоғамдық сананы жаңғырту екенін атап өткен еді.