12:50, 23 Наурыз 2022 | GMT +5
Астанадан Щучинскіге және Павлодар облысына баратын жолдар жабылды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтаннан шығатын бірқатар жол қайтадан жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ikomek жедел қызметі таратқан мәліметке сенсек, бүгін, 23 наурыз сағат 12.30-ден бастап «Нұр-Сұлтан - Петропавл» тасжолының 18-231 шақырым аралығындағы учаскесі жабылады.
Бұл - Нұр-Сұлтан қаласы мен Щучинск аралығын қамтитын автожол.
Сонымен қатар бүгін «Нұр-Сұлтан - Ерейментау - Шідерті» жолының 16-200 шақырымында, яғни елордадан Павлодар облысы шекарасына дейінгі аралықта көлік жүруіне тыйым салынды.
Жолдың жабылуына ауа райының бұзылуы, боран мен жолдың көрінбеуі себеп болған.
Айта кетейік, кеше Нұр-Сұлтан қаласы мен Теміртаудың арасында жол жабылған еді. Кешкісін полиция астанадан шығатын бүкіл жолдар ашылғанын мәлімдеді.