Астанаға ағылған халық: көші-қон картасы қалай өзгерді

АСТАНА. KAZINFORM – Елорда кейінгі жылдары еліміздің қалалары арасында халық санының өсу қарқыны бойынша көш басында келеді. Ұлттық статистика бюросының соңғы деректеріне қарағанда, Астана тұрғындары 1 528 887 адамға жетіп отыр. Халық санының қарқынды өсу сыры неде? Қала өзіне түскен жүктемені еңсере алып отыр ма? Жалпы, бүгінде кімдер Астана төрінде отау тігуге ұмтылады? Kazinform осы сауалдардың жауабын табуға тырысқан еді.

Астана
Фото: Мақсат Шағырбай/Kazinform

Көші-қон қалай қалыптасып жатыр?

Ұлттық сарапшы-демограф Аяулым Сағынбаеваның айтуынша, елімізде көшіп-қонушылар ағынының негізгі 4 орталығы бар.

- Бұл үрдіс 20 жыл бойы өзгермей келе жатыр. Олар: Астана, Алматы, Шымкент және Маңғыстау облысы. Астана халықтың қоныстану тығыздығы өте жоғары өңірлердің бірі саналады. Сандағы өзгерістердің басым бөлігі көші-қон есебінен болып отыр. Егер динамикаға қарайтын болсақ, онда өсім бірден байқалады. Мәселен, 2000 жылдардың басында елордада шамамен 380 мың адам тұратын. Қазір 1,5 млн-нан асып түсті. 24 жылдың ішінде тұрғындар саны 5 есе дерлік артты. Мұның үстіне, бұл өсімнің 70-80 пайызын көші-қон қамтамасыз етіп отыр, - деді сарапшы.

Аяулым Сагынбаева
Фото: massaget.kz

Оның атап өтуінше, Астана ең алдымен, білім, жұмыс және жақсы мүмкіндіктер іздеп келетін жастар үшін тартымды болып тұр.

- Астанаға келетіндердің басым бөлігі – 40 жасқа дейінгі жастар. Бұл жайт бүкіл әлемде бірдей десек те болады. Халықтың дәл осы тобы барынша ұтқыр болып келеді. Мұнан бөлек, еліміздегі жастардың шамамен 8 пайызы елордада тұрып жатыр. Көші-қонға қатысты әлемде жұмыс істеп тұрған заңдар Қазақстанда да қолданылатынын атап өткен жөн. Елордаға жастардың қоныс аударуындағы негізгі факторлардың бірі – Astana Hub, Назарбаев Университеті сынды ірі университеттер мен түрлі хабтардың болуы. Бұған қоса, Астана іскерлік қаласы саналады. Шаһарда жастардың жұмысқа орналасуына мүмкіндік бар түрлі ірі компаниялардың кеңселері орналасқан, - деді демограф.

Қазақстанның оңтүстік және орталық өңірлері Астананың негізгі «доноры» саналады.

- 2024 жылдың 12 айында Астанаға шамамен 151 мың адам келді. Оның 18 мыңы Ақмола облысынан. Жамбыл облысынан келгендердің үлесі - 6,6 пайыз немесе 10 мың адам, Түркістан облысынан - 9,9 пайыз немесе шамамен 15 мың адам, Қарағанды облысынан - 7,2 пайыз немесе 11 мыңға жуық адам. Демек, елордаға қоныс аударушылардың негізгі легін қалаға таяу орналасқан Ақмола мен Қарағанды өңірлері қалыптастырып отыр. Халық тығыз қоныстанған оңтүстік облыстар да аз үлес қосып отырған жоқ. Айталық, 12 айдың ішінде Алматыдан 13,5 мың (9 пайыз), Шымкенттен 9 мың (6 пайыз) келді. Бұл өңірлер Астананың тұрақты көші-қон доноры саналады, - деп атап өтеді ол.

Бұл ретте оның атап өтуінше, солтүстік облыстардың көші-қон әлеуеті әлдеқайда төмен болып тұр.

- 2004 жылы солтүстік облыстардан орташа есеппен шамамен 5 мың адам келді. Бұл - жалпы келушілердің 3,3 пайызы ғана. Дегенмен, солтүстік өңірлердегі халықтың қартаю деңгейі өте жоғары болып отырғанын түсінулеріңіз қажет. Соған орай олардың оңтүстік өңірлерге қарағанда көші-қон әлеуеті төмен, - деп түсіндіреді Аяулым Сағынбаева.

люди на улице
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«Резеңке пәтерлер» проблемасы

Азаматтардың ірі қалаларда, Астанада өмір сүруге деген талпынысы «резеңке пәтерлер» проблемасын туындатып отыр. Биліктің мәлімдеуінше, елордаға қоныс аударуға талпынғандар жалған тіркеуге тұруға жиі ұмтылып жатады. Соның салдарынан бір мекенжайға жүздеген, тіпті мыңдаған адам тіркеуге тұрады. Нақты мысал келтірер болсақ, полиция дерегінше, елордадағы пәтерлердің бірінде 3 450 адам тіркеуде тұрған.

Мұндай жайтпен күресу үшін тұрғылықты жері бойынша тіркеу нормативін енгізу ұсынылады. Көзделген өзгертулер қазіргі уақытта Парламент қабырғасында талқыланып жатыр. Атап айтқанда, мынадай өзгерістер жоспарланған:

  • тіркеу барысында бір адамға ең төменгі шаршы метр ауданын белгілеу (нормативті мәслихат айқындайды);
  • бекітілген нормативтен тыс тіркеуге тыйым салу.

Бұл ретте ерлі-зайыптылар мен жақын туыстардың өз үйлерінде тіркелуіне шектеу енгізілмейді.

Жұмыспен қамту

Астана үшін тағы бір маңызды әрі өзекті мәселе – жұмыспен қамту. Елорда әкімдігінің хабарлауынша, Жұмыс орнын құру өңірлік картасы аясында қала 2025 жылы 68 050 жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Айта кетерлігі, наурыз айының басында 6 583 жұмыс орны ашылған. Оның ішінде тұрақты да, уақытша да жұмыс орны бар.

- Қаланың мансап орталығы оқыту және бизнеске қолдау көрсету бағдарламасына қатысуды қоса алғанда жұмысқа орналасуға, әлеуметтік қамтуға қолдау көрсетеді. Жыл басынан жұмысқа орналасуға жәрдемдесу шараларымен 6 413 адам қамтылды, олардың 3 200-ден астамы – жас. Бұл шаралар еңбек нарығын тұрақтандыруға ғана емес, сонымен бірге тұрғындар санының артуы аясында туындайтын жаңа сын-тегеуріндермен күнделікті бетпе-бет келіп отырған елорданың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған, - деп мәлім етті әкімдіктен агенттік тілшісінің ресми сауалына орай.

Тұрғын үй
Фото: Александр Павский/Kazinform

Баспана мәселесі

2024 жылдың 11 айында қалада 3,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл соңында бұл көрсеткіш 4 млн шаршы метрге жетті.

142 мың тұрғын үй салынды. Бұл 15,6 мың үлескер отбасын баспанамен қамтуға мүмкіндік берді. Жаңа жерге орналастыру бағдарламасы аясында 2029 жылға дейін 206 апатты үйді сүру жоспарланып отыр.

Астанада жаңа салынған тұрғын үйдің бір шаршы метрі - орташа есеппен 581 900 теңге. Еліміз бойынша орташа баға – 505 075 теңге. Ал қайталама нарықтағы баспананың шаршы метрі - 661 849 теңге болса, Қазақстан бойынша орташа баға – 531 676 теңге.

Әлеуметтік нысандар мен білім ордалары

Астанада халық санының артуына байланысты әлеуметтік нысандарға сұраныс пен қажеттілік артып келеді. Бұл мәселені шешу мақсатында мемлекеттік бюджет пен жеке инвестиция есебінен қала тұрғындары үшін ең қажетті саналатын мектеп, балабақша, медициналық ұйымдар сияқты нысандардың құрылысы үздіксіз жүргізіліп келеді.

Астана әкімдігінің хабарлауынша, шаһарда екі перинаталдық орталық, бір заманауи көпбейінді аурухана, №2 қалалық көпбейінді аурухана жанындағы қабылдау-диагностикалау кешені, сондай-ақ екі мемлекеттік және төрт жекеменшік клиника сияқты бірнеше нысанның құрылысы жоспарланған.

Сондай-ақ, соңғы жылдары елордада мектеп құрылысы рекордтық қарқынмен жүріп жатыр. Осы оқу жылында 18 жаңа білім ордасы пайдалануға берілсе, оның біразы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынды.

Бүкіл қалада, оның ішінде тұрғын алаптарында мектептер салынып жатыр. Желтоқсанда «Үркер» шағын ауданында екі ауысымда оқитын 4 мың оқушыға арналған заманауи үлгідегі жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл үш ауысымда сабақ өтетін №69 мектептің ауыртпалығын жеңілдетті.

2024-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 90 мыңға жуық оқушы білім алатын 24 жаңа білім ошағын салу жоспарланған.

мектеп, школа
Фото: Астана әкімдігі

Инфрақұрылым және көлік

Елорда тұрғындары үшін қоғамдық көлік паркінің жаңартылатыны маңызды жаңалыққа айналды. Биыл жаңа автобустардың саны 45 пайызға артты. Екі жылдың ішінде қалалық желіге 700-ден астам автобус қосылды. Келесі жылы тағы 300 автобус сатып алу көзделген.

Әкімдік дерегінше, 2024 жылы жалпы ұзындығы 60 шақырым болатын 50 көшеде орташа абаттандыру жүргізілді. Әл-Фараби даңғылынан Тәуелсіздік даңғылына дейін көпір құрылысы аяқталып, Мәңгілік ел даңғылы көлік ағыны төмендеді. Оң жағалау мен сол жағалау арасында көлік қозғалысы жақсара түсті.

Урбанистер халық санының артуы мен қаланың кеңеюін ескере отырып, көлік кептелісіне және тұрғын аудандардың тығыздығына мониторинг жасау маңызды екенін айтады.

- Астана мен Алматы жаяу жүргіншілер қалалары. Бұл - кеңестік қала құрылысының мұрасы. Алайда, қала кеңейіп, халық тығыз қоныстанған аумақтар орталықтан алшақтағандықтан, көптеген тұрғын көлік пайдалануға мәжбүр. Соның салдарынан кептеліс пайда болады. Сондықтан осыны ескере отырып, қаланың инфрақұрылымын ойластыру маңызды, - деп атап өтті урбанист Ахмет Ахметов.

Қала әкімдігі кешенді көлік жүйесін дамыту стратегиясын әзірледі. Бағдарлама мақсаттарының бірі – қоғамдық көлікті пайдалану үлесін 71 пайызға дейін жеткізу. Бұл қарбалас уақытта қозғалыс жылдамдығын арттырып, кептелістерді азайтуға мүмкіндік береді.

Жеңіл рельсті көлік құрылысының аяқталуы да көлік жүйесіне түсетін жүктемені азайтуға септігін тигізеді. Бұған дейін хабарланғандай, LRT құрамында жердегі және жерүсті стансалары болады. Жеңіл рельсті көлік жолының жалпы ұзындығы 22,4 шақырымға созылмақ. Барлығы 18 станса болады. Сыйымдылығы 652 адамдық 19 жылжымалы құрамды жолға шығару жоспарланған. Пойыздар арасындағы қозғалыс аралығы 4-5 минут болады.

Бұған дейін CTS көлік компаниясы Астана халықаралық әуежайы аймағында, Қабанбай батыр даңғылының бойында орналасқан LRT стансасының бірі қандай болатынын көрсеткен еді. 

Строительство ЛРТ  Астана LRT құрылысы
Фото: Әділет Беремқұлов/Kazinform

Көгалдандыру мен абаттандыру

2024 жылы қалада және «жасыл белдеуде» 1 млн ағаш отырғызылды, оның ішінде жергілікті климатқа бейімделген еуропалық түрлері де бар. Биыл да Астанада миллион жасыл желек отырғызылады. Барлық құрылыс салушыларға үш жыл ішінде дендропарктар салу және өз нысандарының айналасындағы жасыл алқаптарды күтіп ұстау тапсырылды. Әйтпесе әкімдік оларды қабылдамайды.

Әкімдіктің атап өтуінше, 2024 жылы ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Тәуелсіздік сарайының алдындағы «Қазақ елі» алаңында 13 гектар аумақта кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, Жүргенов көшесінде жасыл желекжол ашылды. Ақбұлақ өзенінің жағалауы да абаттандырылып, өткен жылы Ш. Құдайбердіұлы көшесі Абылай хан даңғылына дейінгі учаскеде жұмыстар аяқталды. Келесі жылы Абылай хан даңғылынан Амман көшесінде дейінгі аумақты көгалдандыру жоспарланып отыр.

көгал, озеленение
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар