Астанаға екі күндік сапармен голливудтың танымал жұлдызы Арманд Ассанте келді
Бұл пікірін бүгін Астанада баспасөз мәслихатын берген голливудтың танымал жұлдыздарының бірі, «Наполеон және Жозефина», «Сұрақтар мен жауаптар», «Одиссей» және тағы да басқа көптеген фильмдерде басты рөлдерді сомдаған Арманд Ассанте білдірді.
Еске салайық, алдағы қазан айының 18-20 күндері Астана қаласында Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен әлемде тұңғыш рет Бүкілдүниежүзілік Рухани мәдениет форумы өтеді.
А.Ассантенің Астанаға жасаған екі күндік сапарының басты мақсаты да аталмыш форумды насихаттау және оның аясында өткізілетін іс-шараларды талқылау болып табылады.
«Форумға қатысу менің жеке басым үшін қызықты, әрі маңызды. Себебі, 70-тен астам елдің мәдениет, дін қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдерінің Қазақстанда бас қосуы - айтулы оқиға. Және бұл форумда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік маңызы бар баяндама жасайтынына сенімдімін», - деді ол.
Оның пікірінше, нақты қазіргі уақытта мұндай форумдарды өткізу өте қажет. «Себебі, дәл қазір әлемде этникалық топтардың поляризациясы байқалуда. Яғни халықтар мәдениеті арасында дау-дамайлар болып жатыр. Бұл форум сіздердің елдеріңіздің жомарттығының және жарқын болашаққа деген үміттеріңіздің белгісі», - деп атап өтті әртіс.
Сондай-ақ А.Ассантенің пікірінше, қазақстандық киноиндустрияның даму қарқыны жақсы және қазіргі уақытта Қазақстан мен Американың бұл салаларының арасында өзара байланыстар пайда бола бастады.
Әртістің Астанаға бұл алғашқы сапары емес. Ол бұған дейін сондай-ақ, Алматы мен Шымкент қалаларында да болып үлгерген. Астанада оны бір-біріне еш ұқсамайтын, сәулеті бірегей ғимараттар қатты таңқалдырған. Оған әсіресе, «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық кешені қатты ұнаған.
«Қазақстан үлкен жігермен, қарышты қадамдар жасай отырып алға ұмтылып келеді. Бұл үлкен қарқынмен дамып келе жатқан ел және сіздер оған сенімдісіздер», - деді мейман.