Астанаға көшпенділер ойынына 100 мыңға жуық турист келеді — вице-министр
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл 8-13 қыркүйекте V дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарланған. 21 спорт түрінен бас-аяғы 97 медаль сарапқа салынады.

«Туристер ағынын шамамен есептедік. Жалпы, көшпенділер ойыны кезінде, яғни бір аптаның ішінде 100 мыңға жуық турист келеді деп күтіп отырмыз. Оның ішінде туристерден бөлек, қатысушылар мен шетелдік өкілдер де бар», — деді Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Астанада ШЫҰ саммитіне келген меймандарға көшпенділер ойынына дайындық барысын таныстыру кезінде.
Бұған дейін вице-министр көшпенділер ойындары кезінде шетелдік меймандар үшін министрлік елорда әкімдігімен бірлесіп 32 қонақ үйді дайындап жатқанын мәлім еткен еді.
Еске сала кетейік, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Қазақстанда өтетіні былтыр қазанда белгілі болды. Ал алғашқы билет биыл наурызда сатылды.
Бүгін Астанада ШЫҰ саммитіне келген меймандарға көшпенділер ойынына дайындық барысы таныстырылды.
Қонақтар арасында Германия, Үндістан, Испания, Италия, Оңтүстік Корея, Ливан, Малайзия, Норвегия, Сербия және Чехиядан келген делегаттар мен журналистер бар.
Сондай-ақ, дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде қазақ ауылы құрылады.
Одан бөлек, С. Жарасбаев көшпенділер ойынына билет сатылымының неге уақытша тоқтатылғанын түсіндірді.