Астанаға ушудан ірі халықаралық жиынға әлемдік деңгейдегі спортшылар келді

АСТАНА. KAZINFORM – 7-17 маусым аралығында Астанада БҰҰ-ның Өркениеттер арасындағы диалогтың халықаралық күніне орайластырылған ушудан халықаралық оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр.

Спортсмены мирового уровня прибыли в Астану на крупнейшие международные сборы по ушу
Фото: ҚР Ұлттық ушу федерациясы

Спорттық іс-шараны Халықаралық ушу федерациясы ҚР Ұлттық ушу федерациясымен бірлесіп, ҚХР-дың Қазақстандағы Елшілігі және ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Астанадағы оқу-жаттығу жиынына Қазақстан, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан 70-тен астам спортшы, жаттықтырушы және мамандар қатысып жатыр. Бағдарлама аясында қатысушылар спортшылар мен жаттықтырушылар құрамының дайындық деңгейін арттыратын бірлескен жаттығулар, шеберлік сыныптары, білім беру дәрістері өтіп жатыр.

Жиынның ашылу салтанатына ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь, ҚР Туризм және спорт министрлігі Дене шынықтыру және спорт істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов, Қазақстан ушу және кунг-фу федерациясының бас хатшысы Мәдина Астамирова қатысты.

ҚХР Елшісі Хань Чуньлинь Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтіп, елімізде ушуды дамытуға бағытталған жобаларды қолдауды жалғастыруға дайын екенін білдірді.

А.Нұрмұханбетовтың айтуынша, мұндай іс-шаралар халықаралық байланыстарды нығайту, спортты дамыту және жоғары деңгейдегі спортшыларды даярлау үшін маңызды. М.Астамирова қатысушылар, жаттықтырушылар, спорт ұйымдарының өкілдеріне және іс-шараның серіктестеріне Қазақстандағы ушуды дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлестері үшін алғыс айтты.

Рәсімнің жарқын және шабыттандыратын сәті ушу таолудан Қазақстан мен Қытай құрамалары спортшыларының бірлескен өнер көрсетуі болды.

Қазақстандық ушу және кунг-фу федерациясының президенті Гаджи Гаджиевтің Астанадағы Қытай мәдени орталығының директоры Ван Цинпин, Қытай ушу қауымдастығы бас хатшысының орынбасары Чжан Лэй, саньдадан Қытай ұлттық құрамасының жоғары санатты жаттықтырушысы және тәлімгері Чэнь Яньшэнмен кездесуінде Қытай делегациясының өкілдері Қазақстан үкіметіне, Қазақстан федерациясына халықаралық оқу-жаттығу жиындарын жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді.

- Бүгінде Астананы халықаралық спорттық алмасу және халықтар арасындағы достық байланыстарды нығайтудың маңызды алаңы деп атауға болады, - деді Қытай ушу қауымдастығы басшылық құрамының өкілі Чжан Лэй.

Қазақстандық ушу және кунг-фу федерациясының президенті Гаджи Гаджиев осындай бастамалардың отандық ушу мектебін дамыту және спортшыларды халықаралық жарыстарға дайындауда маңыздылығын атап өтті.

- Біз елімізде осы спорт түрін тиімді дамытуға бар күшімізді салып жатырмыз. Қазақстан ұлттық құрамасы ушу саньда және ушу таолудан көптеген халықаралық чемпионаттарға белсенді қатысып келеді. Ұмтылыс, жоғары еңбек және ушуға деген сүйіспеншіліктің арқасында қазақстандық спортшылар жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, әлемдік аренада медальдарды жеңіп алып отыр. Біз Халықаралық ушу федерациясының және осы спорт түрінің отаны – достас Қытайдың жоғары білікті мамандарының назарын жоғары бағалаймыз. Біздің спортшыларымызға және Орталық Азия елдерінің ушу құрама командаларының спортшыларына берілген тәжірибе мен білім жеңістер мен ортақ жетістіктердің жаңа тарихының бастауы болады деп сенеміз, - деді Г. Гаджиев.

Халықаралық оқу-жаттығу жиыны 17 маусымға дейін жалғасады. Ұйымдастырушылар атап өткендей, бағдарлама қарқынды жаттығу циклы, білім беру іс-шаралары, оқыту дәрістері және Қазақстан және Орталық Азия елдерінде ушуды одан әрі дамытуға бағытталған практикалық сабақтарды қамтиды.

Осыған дейін Қазақстан мен Қытай ушу спорты бойынша ынтымақтастықты күшейтіп жатқаны туралы жаздық.