12:40, 08 Мамыр 2009 | GMT +5
Астанаға заңсыз алкогольдік өнімдер тасымалдап келген арнаның жолы кесілді
АСТАНА. Мамырдың 8-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің өкілдері Астанаға заңсыз алкогольді өнімдер тасымалдайтын арнаның жолын кесті.

Бұл жөнінде бүгін «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалымен бірлескен баспасөз мәслихатында қалалық қаржы полициясы департаментінің баспасөз хатшысы Гүлжанат Құштарова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, жақында қаржы полициясының қызметкерлері қаладағы базарлардың бірінен елордаға заңсыз алкогольді өнімдер тасымалдап келген азаматты ұстаған. Тексеру барысында одан 4 мың шөлмек арақ пен атауы көпшілікке танымал коньяктар алынған. «Ал істің мән-жайын анықтай келе, осындай заңсыз өнімдер сақталып келген қойманы да таптық. Ол елордадағы Шұбар кентінде орналасқан болып шықты. Тексеру кезінде қоймадан 10 мың жалған тауар табылды. Бұл мәселе бойынша жүргізілген сараптау, саралау жұмыстары негізінде осындай жалған тауарлар тасымалдаумен айналысатын арнайы ұйым бар екендігі анықталды. Сондықтан біз тек қолға түскен тауарды ғана місе тұтып қоймай, оның ошағын да жою үшін арнайы іздестіру шараларын жүргіздік. Нәтижесінде осы істің ұйымдастырушысы болуы мүмкін деген азаматтың ізіне түстік. Ол бұл уақытта Ақтау қаласында жүрген. Біз оған жасырын түрде өзіміздің адамымызды жіберіп Астанаға өте көп мөлшерде алкогольдік өнімдер қажеттігін жеткіздік. Бұл хабарды ести салысымен күдікті азамат бірден елордаға жетті. Соны пайдаланып қаржы полицияның қызметкерлері оны қамауға алды», - деді баспасөз хатшысы. Оның мәліметтеріне қарағанда, ұсталған азамат жалған тауарларды дайындайтын арнайы цехтың Тараз қаласында орналасқандығын айтқан. Тексеруге барған қаржы полициясының өкілдері ол жерден қолдан арақ-шарап дайындайтын цехты тапты. «Қазіргі таңда тәркіленген алкогольдік өнімдердің жалпы құны 10 миллион теңгеге бағаланып отыр. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деді Г.Құштарова.