Астанаға жақын ауыл маңынан жалақысы 450 мың теңгелік жұмыс орындары ашылады
АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында өңірдегі жаңа индустриялық аймақтың ірі жобалары туралы мәлімет берді.
— Ақмола индустриялық аймағының бір ерекшелігі — астықты тереңдетіп өңдеу арқылы натрий, амин қышқылдарын және тағамға қосатын қышқылдар өндіреді. Таяу Шығыста ол өнімдерге деген сұраныс өте жоғары. Астықтың бағасынан 10-15 есе қымбат бағаға сатуға болады. Ең бастысы, инвесторлар елімізде зауыт салып, жергілікті тұрғындарды жұмысқа алады. Қосылған құн да, салықтың бәрі өзімізде қалады. Олар Ақмола облысының 5 мың тұрғынын жұмыспен қамтуға міндеттеме алып отыр, — деді ол «Уәде» бағдарламасында.
Аймақ басшысының айтуынша, бидайды тереңдетіп өңдейтін зауыт Жібек жолы ауылының маңында салынады.
— Бұл бір жағынан инвесторларға да тиімді. Өйткені зауыт маңында оны жұмыс күшімен қамтамасыз ететін елді мекендер болғаны абзал. Өндіріс 2028 жылы басталады. Ол жерде қалашық бой көтереді. Бүгінгі таңда ол аумаққа су, жарық, газ желісін тартып бердік. Бұдан бөлек, түркиялық компания пестицид шығаруды көздеп отыр. Ал сингапурлық инвесторлар құрылыс жабдықтарын шығармақшы. Газды 600 есе сығымдап, тасымалдайтын компания да осы аймаққа келіп жатыр. Индустриялық аймаққа кірген 7 компанияның үлесі 2 трлн теңгеге жетті. Одан қанша салық түсетінін есептеп қойдық. Жұмысшылардың айлығы 450 мың теңгеден кем болмайды деген уағдаластық бар. Бұл оларға да пайдалы. Өйткені инвестор бізге жаны ашығаннан келіп отырған жоқ. Шығаратын өнімге сұраныс жоғары болып тұр. Олар Қазақстан жерінде өнген бидайды 40 түрге бөліп, өңдейтіндерін айтты. Біз де олардың Қытайдағы өндіріс орындарын аралап, мүмкіндіктеріне көз жеткізіп қайттық. Сыртқы істер министрлігі де өз қорытындыларын берді. Одан бөлек, Қоянды төңірегінде, Қосшы қаласында да өндіріс орындарын ашу жоспарда тұр, — деді облыс әкімі.
Бұған дейін Ақмола облысының Ақкөл қаласында мал азығына арналған протеин өндіретін зауыт ашылғанын жазғанбыз.