Астанадағы аты жоқ көшелердің біріне армян әліпбиінің негізін қалаған ғалымның аты беріледі
АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласының Нұра ауданындағы, «Астана-Арена» стадионы мен «Сарыарқа» велотрегінің арасында орналасқан 750 метрлік көшеге армян әліпбиінің негізін қалаған лингвист Месроп Маштоцтың есімі берілетін болды. Бұл көше Тұран даңғылы мен Қабанбай батыр көшелерін жалғап тұр.

Астана тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп қоғамдық кеңес отырысына осындай ұсыныспен келіпті.
Айтуынша, былтырғы 14-15 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Армения Республикасына ресми сапары болып, сол кезде Астана қаласы көшелерінің біріне Месроп Маштоцтың атын, ал Ереван қаласындағы нысандардың біріне Абай Құнанбайұлының есімін беру туралы уағдаластық жасалған көрінеді.
— Бұл ретте 2025 жылы 11 ақпан күні Ереван қаласының Ақсақалдар кеңесі Ереванның Аван ауданында орналасқан саябаққа Абай Құнанбайұлының есімін беру туралы шешім қабылдады. Осыған орай, біз де өз тарапымыздан 16 сәуірде Астана қаласы Ономастика комиссиясы отырысын ұйымдастырып, Астана қаласының атаусыз көшесіне армян әліпбиін жасаушы, әдебиеті мен жазуының, ұлттық мектеп пен педагогикалық ойдың негізін салушы, ағартушы — Месроп Маштоцтың есімін беру туралы шешім қабылдадық.
Аталған көше Нұра ауданында, «Астана-Арена» стадионы мен «Сарыарқа» велотрегінің арасында орналасқан. Тұран даңғылы мен Қабанбай батыр көшелерін қосады. Ұзындығы — 750 метр, — деді басқарма басшысы.
Қоғамдық кеңес мүшелері ұсынысты қолдап дауыс берді.
Сондай-ақ, аталған жиында Астана әкімдігі тағы да скверге қажетті жер сатып алуға бюджеттен ақша сұрап отырғаны мәлім болды.