Астаналық ғалымдар күріш қауызы мен жүгері өзегінен қан қысымын түсіретін дәрі синтездеді
АСТАНА. KAZINFORM – Назарбаев университеттің (NU – ред.) профессоры Нұршат Нұражы жетекшілік ететін Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің ғалымдары күріш қауызы мен жүгері өзегінен қан қысымын төмендететін дәрілік зат синтездеп шығарды. Авторлар енді жобаны коммерцияға шығарудың мүмкіндіктерін іздеп жатыр.

NU ғалымдары мұнайдан өңделетін дәрі-дәрмекті тірі ағзалардың қалдығынан алу жобасын қолға алғанын бұған дейін де жазған едік.
Жалпы биомассаны мұнай орнына өңдеп пайдалану идеясы әлемде талайдан бері бар. АҚШ Энергетика министрілігі адамзат өсімдіктен алынатын 12 молекуланың реакция тізбегін ашса, мұнайға тәуелділіктен құтылатынын мәлімдеген. Ғалымдарға осы теория кәдімгідей қамшы болып отыр.

Қазақстан ғалымдары биомасса ретінде шөптің, ағаштың, балдырдың, малдың, балық пен құстың тіндерін, сүйектің, жүн-терінің түрлі қалдығын пайдаланудың бірнеше жолын зерттеу нысаны етіп алған. Ол үшін қалдықтың белгілі бір түрін реакторға салып, қыздырады. Одан кейін ерітіндімен араластырып өңдейді. Осы реакциялардың әсерінен бөлініп шыққан целлюлоза мен сұйықтықты тазартып, арнайы құрылғы көмегімен сынақтан өткізеді.

Аталған мектептің аға ғылыми қызметкері Минавар Шаймардан бастаған бірнеше маман дәл осы тәсілмен жүгерінің өзегі мен күріштің қауызын өңдеп, қан қысымын реттейтін дәрінің субстанциясын ойлап тапқан. Одан жасалатын дәрінің медицинадағы ресми атауы – празозин. Бұл дәрі негізінен қантамырларды кеңейтуге, жүрек қағысы әлсіз адамдарға, қуық асты безінің зәр шығаруға кедергісін жеңілдетуге, жарақаттан кейінгі күйзелісті сейілтуге қолданылады.

Топ жетекшісі нақты нәтижеге қол жеткізу үшін үш жыл уақыт кеткенін айтады.
- Жүгері мен күрішті таңдағанымыз, болардың құрамында гемицеллюлоза бар. Осы гемицеллюлозадан бағалы молекулаға қажет заттар көп. Жүгерінің өзегін ұнтақтап, арнайы қышқылмен өңдеп, бағалы молекула алдық. Күріштің қауызын да дәл осылай химиялық жолмен ылғалдандырып көрдік. Екеуі де сәтті шықты деуге болады. Бұдан кейін Англиядан арнайы сатып алған қондырғымен төрт сатылы химиялық реакция түзіп, дайын өнім алдық. Дәстүрлі тәсіл бойынша бұл төрт сатының әр сатысын бөлек-бөлек жасайтынбыз. Оның бәріне уақыт, күш-қайрат, қуат керек болатын. Ал мына ағынды типтегі қондырғының арқасында дайын экстрактан қажетті өнімді алатын тізбек құра алдық, - дейді Минавар Шаймардан.
Қондырғыны жасап шығарған англиялық компания Қазақстан ғалымдарының бұл жетістігін LinkedIn-де жариялапты.

Дәріні жасап шығарумен жұмыс бітпейтіні белгілі. Препараттың молекулалық құрылымын дәлелдеу үшін ядролық магниттік резонанстан (NMR - молекула ішіндегі атомдардың орнын анықтайтын «магниттік сканер») өткізген. Осыдан кейін ғана жүгері өзегі мен күріш қауызынан қан қысымын түсіретін дәрі жасауға болады дейтін ғылыми қорытынды жасауға мүмкіндік алған.
- Ендігі сатыда біз жобаны фармакопия стандарттары арқылы өнімнің тазалығын, уытсыз екенін дәлелдеп шығуымыз керек. Осыдан кейін коммерцияландыруға көшеміз. Өйткені клиникалық сынақта өткізудің қажет жоқ болып шықты. Бұл дәрінің басқа экстракттан жасалған түрлері медицинаға белгілі. Енді соны жүгері мен күріш қауызынан алғанымызды дәлелдесек жетіп жатыр, - дейді ғалым.
Денсаулық сақтау министрлігі жобаға коммерцияландыру сатысында қолдау көрсетуге ниет танытыпты.
Бұл топ жүгері өзегі мен күріш қауызынан фуросемид атты дәрі де синтездеп жатыр.

- Оны да синтездеп бітірейін деп қалдық. Өткенде Премьер-министр Олжас Бектенов осы университетке келген таңдаулы 87 жобаның ішінде біздің екі жобаға да қолдау көрсету керектігін айтып кетті. Мемлекет деңгейінде қолдау болайын деп тұр. Олай болатын жөні де бар. Бүкіл әлемдегі сияқты Қазақстанда да қан қысымына шағымданатын адам көп, - дейді Минавар Шаймардан.
Кейіпкеріміз жоғары білімді Қытай Астанасы Бейжіңде жалпы химия мамандығын бойынша алған. Кейін Қазақстанға қоныс аударып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне магистратураға түседі. Ал докторлық дәрежені Қазақ-британ техникалық университетінде қорғап шыққан.
Астанадағы ұлттық зертханада биомассаны мұнай орнына пайдалану жобасына атсалысып жүргеніне үш жыл болыпты.