Астанадағы мектепте оқушы екі сыныптасына пышақ ала жүгірді
АСТАНА. KAZINFORM — Елордадағы мектептердің бірінде 11-сынып оқушысы суық қару алып келіп, екі сыныптасына шабуыл жасаған. Оқиғаға қатысты полиция қылмыстық іс қозғады.
Астана қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, зардап шеккен екі оқушыға медициналық көмек көрсетілген. Қазір олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.
— Оқиғаға қатысы бар кәмелетке толмаған жасөспірім профилактикалық есепке алынып, Психикалық денсаулық орталығының мамандарына жіберілді. Ал оның заңды өкілдері баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауаптылыққа тартылды, — деп хабарлады Астана қалалық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы.
Полиция мәліметінше, оқиғаның себептері мен оған түрткі болған мән-жайларды анықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар Білім басқармасы мен Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға тиісті ұсыныстар енгізілген.
Сондай-ақ тергеу барысында мектеп қауіпсіздігіне жауапты күзет ұйымының әрекетіне құқықтық баға берілмек.
— Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр. Істің мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды, — деп қорытындылады Астана қалалық Полиция департаменті.
Айта кетейік, Атырауда мектеп оқушысын пышақтаған жасөспірім 15 жылға сотталды.