Елордада оқушылар 400-ге жуық қақпақтан Қазақстан картасын жасады
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада № 55 мектеп оқушылары «Таза Қазақстан. Астана — тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты кең ауқымды экологиялық акция аясында пластик қақпақтарды қайта өңдеп, ерекше экологиялық жобаны жүзеге асырды, деп хабарлайды қала әкімдігі.
Олар күнделікті тұрмыста қажетсіз болып көрінетін заттарға екінші өмір сыйлап, бөтелке қақпақтарынан Қазақстанның көлемді картасын құрастырды.
Жобаның негізгі мақсаты — қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікті арттырып, қоқысты қайта қолдануға үйрету.
Бұл игі бастаманы мектептің «Экоәлем» бағыты бойынша жауапты мұғалім Данар Төлегенова ұйымдастырды. 5-11 сыныптар арасында өткізілген қақпақ жинау сайысы арқылы оқушылар арасында экологиялық мәдениет пен белсенділік қалыптасты.
— «Экоәлем» акциясы бойынша 832 қақпақ жиналған. Ал көлемді карта жасау үшін 397 түрлі-түсті қақпақ жеткілікті болды. Қалған қақпақтар алдағы экологиялық жобаларға сақталады. Картаны құрастыру жұмысына 5-6 сыныптың «Экоәлем» көшбасшылары мен белсенді ата-аналар да ат салысты. Бірлесе жұмыс істеу балалардың ынтасын арттырып, қоршаған ортаға қамқор болуға үйретті, — делінген әкімдік хабарламасында.
Ведомство атап өткендей, бұл жоба — мектеп оқушыларының экологиялық сана-сезімінің артып келе жатқанын көрсететін айқын дәлел. Бөтелке қақпағынан жасалған Қазақстан картасы оқушылардың тек қана шығармашылық қабілетін емес, сонымен қатар елге, жерге деген сүйіспеншілігін де байқатады.
Осыдан бұрын алматылық оқушылар 1 миллионнан астам пластикалық қақпақ жинағанын жазғанбыз.