Астаналық оқушылар 7 мыңға жуық пластик қақпақтан экологиялық мозаика жасады

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында № 81 Astana English School мектебінде оқушы Болат Айғанымның бастамасымен «Eco Impact» экологиялық жобасы жүзеге асырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Мозаику из семи тысяч пластиковых крышек создали школьники Астаны
Фото: Астана әкімдігі

Бастаманың мақсаты — оқушылар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үйрету және қалдықтарды қайта өңдеудің маңызын насихаттау

— Жоба аясында пластикалық қақпақтарды жинау акциясы ұйымдастырылды. Оған мектептің 0-сыныбынан 11-сыныбына дейінгі оқушылары мен ата-аналары белсенді қатысты. Нәтижесінде жеті мыңға жуық пластикалық қақпақ жиналды. Жиналған қақпақтардан мектепте үлкен экологиялық мозаика жасалды. Осылайша, оқушылар пластик қалдықтарына екінші өмір сыйлап, оларды шығармашылық туындыға айналдырды, — дейді ұйымдастырушылар.

Жобаның ерекшелігі — әртүрлі сынып буындарының оқушыларын ортақ мақсатқа біріктіруі. Еріктілер бірлесе жұмыс істеп, пікір алмасу, бір-бірін тыңдау, командалық жұмыс және көшбасшылық дағдыларын дамытты. Бастамаға мектеп ата-аналары да қолдау көрсетті.

Сонымен қатар жоба аясында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының жауапкершілік, еңбекқорлық, жаңашылдық және әділеттілік құндылықтары дәріптелді.

Жоба жетекшісі Болат Айғаным бастаманың идеясын әзірлеп, акцияны ұйымдастыруға, еріктілер жұмысын үйлестіруге және экологиялық мозаиканы жасау үдерісіне жетекшілік етті.

«Eco Impact» жобасы әрбір адамның шағын әрекеті қоршаған ортаны қорғауға бағытталған үлкен өзгеріске бастау бола алатынын көрсетеді.

Бұған дейін Өскеменде пластикті қайта өңдейтін мобильді станция іске қосылатынын жаздық.