Астаналық оқушылар ақылды робот жасап шығарды
АСТАНА. KAZINFORM – Елордалық оқушылар роботқа Темірбек деген ат қойыпты. Ақылды робот қазақ тілінде сөйлейді. Бұл туралы қалалық білім басқармасы хабарлайды.

Роботты Мұқағали Мақатаев атындағы 74 мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушылары құрастырды. Темірбек – оқушыларды сабақ барысында ынталандыру үшін таптырмас құрал.
- Сондай-ақ, сабақтан соң кері байланыс ретінде пайдалануда өте тиімді. Роботқа қызығушылық танытқандар бар. Бүгінде Темірбек роботы еліміздің басқа қалаларындағы оқу орындарында білім алушылармен кездесіп жүр,- дейді информатика пәнінің мұғалімі Айдана Оңғарбекқызы.
Оның айтуынша, Темірбек қазақ тілінде сөйлейді және сұрақтарға жауап береді. Енді дарынды оқушылар роботты жүргізудің жолын ойластырып жатыр.
Айта кетейік, биыл қазақстандық оқушылар робототехникадан үш дүркін әлем чемпионы атанды.
Жазда ақтаулық оқушы халықаралық робот техникасы жарысында бас жүлде алған еді.