Астаналық оқушының экологиялық жобасы министрлікке ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада мектеп қабырғасында жүріп-ақ халықаралық деңгейде бастамалар көтеріп, жаһандық мәселелерді шешуге атсалысып жүрген жас өрен бар.
№ 71 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Айгерім Жиенбек жақында Earth Ambassadors халықаралық жастар қозғалысының президенті атанды. Ол экологияны қорғау, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және жастар дипломатиясын дамыту бағытында белсенді жұмыс істеп жүр.
Оқушы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасына қонақ болып келіп, сұқбат берді.
Бүгінде Айгерім қатысатын қозғалыс экодипломатияны, жастар дипломатиясын дамытуға бағытталған. «Жер қорның» негізі 2014 жылы қаланған. Ал 2023 жылы осы бағытта жастар қозғалысын құру идеясы пайда болыпты.
Ал Айгерімнің қоғамдық жұмыстарға араласуына әлеуметтік желідегі таныстығы себеп болған.
— Бәрі қызығушылықтан басталды. Ағылшын тілі курсына барған кезде бір қызбен таныстым. Әлеуметтік желіде бір-бірімізге жазылған соң, оның түрлі жобаларға қатысып, қоғамдық жұмыстарда белсенді екенін байқадым. Оған қызығып, өзім сұрадым. Сөйтіп, осы жастар қозғалысына қосылдым, — дейді ол.
Жас белсенді «Таза Қазақстан» акциясы аясында ағаш отырғызу, сенбілік ұйымдастыру және мектеп оқушыларымен экологиялық іс-шаралар өткізуге де атсалысады. Оның айтуынша, осы жұмыстарға белсенді қатысуы маңызды кездесулерге де жол ашқан.
— Белсенділігімнің арқасында Президентімізбен бірге ағаш отырғызу акциясына қатыстым. Бұл — мен үшін ең әсерлі естеліктердің бірі. Президентті теледидардан ғана көріп жүрген оқушы ретінде оны өмірде кездестіру ерекше сезім сыйлады, — дейді Айгерім.
Жас өреннің экологиялық жобасы жүлдеге ие болды
Айгерім экология тақырыбындағы республикалық байқауда екінші орын алып, өз жобасын Экология және табиғи ресурстар министрлігіне таныстырған.
— Жобада декарбонизация мәселесі мен ағаш отырғызудың ауаны тазартудағы маңызы қамтылған. Байқауға қатысуыма сынып жетекшімнің ұсынысы себеп болды. Бұл жобаның Экология және табиғи ресурстар министрлігіне дейін жетіп, таныстырғаныма қуанамын, — деді ол.
Айгерімнің бастамалары экологиямен ғана шектелмейді. Ол португал тілі мен мәдениетін зерттеуге қызығатын жастарды біріктіру үшін арнайы клуб ашқан.
— Португалия мен Бразилия мәдениетіне әлеуметтік желі арқылы қызықтым. Оларды зерттей бастағанда, басқа жастардың да қызығушылығы бар екенін байқадым. Содан бірге тіл үйреніп, мәдениетті талқылайтын орта құруды жөн көрдім, — дейді ол.
Қазір Айгерім төрт тіл біледі, сонымен қатар қытай тілін меңгеріп жүр. Оның пікірінше, жастардың жаңа тіл үйреніп, түрлі мәдениетті танып-білуі халықаралық байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Жастар экологиялық мәселелерге бейжай қарамайды
Айгерім мектеп оқушыларының экологияға қызығушылығы артып келе жатқанын айтады.
— Көп мектепте экологиялық клубтар жұмыс істейді, ал мектеп парламенттерінде экофракциялар құрылған. Жастар экологиялық мәселелерді терең түсініп, оларды шешуге өздері де атсалысып жүр. «Таза Қазақстан» акциясына қатысуға ниетті жастар көп, — дейді ол.
Жас белсенді халықаралық ынтымақтастық пен экологиялық бастамаларға қатысу арқылы қатарластарына да үлгі болуды көздейді.
Айта кетейік, жақында Қазақстан жастарының бүгінгі келбеті жайлы арнайы материал жазған едік.