Астаналық паражеңіл атлет Азия рекордын орнатты
АСТАНА. KAZINFORM — Жапонияда өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында ел намысын қорғаған елордалық спортшы Айсұлу Сүлейменова 100 метрге жүгіруден Азияның жаңа рекордын орнатты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Айсұлу екі аяғының зақымдануына байланысты арнайы жүгіру протездерін пайдаланатын спортшыларға арналған T62 санатында өнер көрсетеді. Алайда өз санатында басқа қатысушылар болмағандықтан, ол бір аяқтың зақымдануына байланысты протез пайдаланатын спортшылар бақ сынайтын T64 санатының өкілдерімен бірге жарысты.
Финалдық бәсекеде елордалық спортшы 100 метр қашықтықты 16,18 секундта еңсеріп, жалпы есепте бесінші орынға ие болды. Сонымен қатар, бұл нәтиже оның T62 санатында Азияның жаңа рекорды ретінде тіркелді.
Осылайша, Айсұлу Сүлейменова біріккен жарыста бесінші орын алғанымен, өз санатында құрлықтық рекорд орнатып, маңызды жетістікке қол жеткізді.
Осыған дейін отандық пара велошабандоздар Азия ойындарында екі алтын жеңіп алғанын жазғанбыз.
Сонымен қатар Қазақстан Азия Пара ойындарында садақ атудан алғаш рет күміс медаль еншіледі.
Бұдан бөлек, Зарина Райфова Азия Пара ойындарының жеңімпазы атанды.