Астаналық зейнеткерлерге қандай әлеуметтік көмек ұсынылып отыр
Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Мәлік өңірлік коммуникациялар қызметінде зейнеткерлерге көрсетілетін әлеуметтік қызметтер туралы брифинг өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарма өкілінің сөзінше, елордада 120 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Оның ішінде 106 807 адам жасы бойынша зейнетке шықса, 13 074 адам еңбек өтілі бойынша зейнеткер атанған (әскери құрылымдар). Сондай-ақ, Екінші дүниежүзілік соғыстың 8 ардагері, 1473 тыл ардагері бар.
«Жыл сайын санаториялық-курорттық емделуге 3500-ден астам зейнеткер жіберіледі. Жыл басынан бері 3 357 адам жолдама алды. Жалпы, 2023 жылға 4298 адамды курортпен қамтамасыз ету жоспарланған.
1 қазан - Қарттар күніне орай зейнеткерлерге 2,5 АЕК мөлшерінде (8 625 теңге) бір реттік төлем беріледі.
Екі жылда бір рет тіс протездеу, емдеу қызметтері бар. 2023 жылы 3 000 адамға осындай қызмет көрсету жоспарланған. Бүгінгі таңда тіс протездеу және тіс емдеумен 1 529 адам қамтылған. Аталған қызметтерге тіркелу есепті жылдың 2 тоқсанында жүргізіледі», - деді ол.
Әкімдік өкілі жер үйде тұратын зейнеткерлерге көмір алу кезінде жеңілдік ұсынылатынын айтты. Ол үшін зейнеткер тұратын үйдің отбасылық табысы жан басына шаққан кезде ең төмен күнкөріс деңгейінің 4 есесінен (213 240 теңге) аспау керек.
«Өтемақы жылыту маусымына 16 айлық есептiк көрсеткiш (55 360 теңге) көлемінде жүргiзiледi. Биыл 99 отбасыға осы көмек беру үшін 5,4 млн теңге жұмсалған.
Тұрғын үйді газдандыруға қарастырылған әлеуметтік көмектің мөлшері 130 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде болуы керек –448 500 теңге.
Үй иелеріне тұрғын үй көмегі аталған көмек коммуналдық қызметтің айлық ақысы отбасының айлық жиынтық табысының 5 пайызынан асатын болса ғана (төлемнің орташа мөлшері айына 25 мың теңгеге дейін) қарастырылады. Зейнеткерлерге қалалық жолаушылар көлігі бағыттарында тегін жүру жеңілдіктері бар», - деді Еркебұлан Мәлік.
Сондай-ақ, ол «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жұмыс істеп тұрғанын еске салды.
Бұл орталықта 27 түрлі бағытта үйірмелер, секциялар ұйымдастырылып, спорт залы, компьютерлік сынып, вокал, шығармашылық шеберлік сыныбымен жабдықталған, мәдени іс-шаралар (поэзия кештері, кітап тұсаукесері және т.б.) тұрақты өткізіліп тұрады.
Қаланың төрт ауданында осы орталықтың филиалдары бар: «Есіл» ауданында Достық көшесі-13, «Байқоңыр» ауданында Абай көшесі-46,« Сарыарқа» ауданында Бейбітшілік көшесі-25 үй, «Алматы» ауданында Қошқарбаев көшесі-29 үй.
«Сонымен қатар, қалада «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға сапалы қызмет көрсетудің толық кешенін ұсынады. Әлеуметтік қызмет мүгедектігі бар адамдарға және зейнеткерлік жасқа толған, өзін-өзі күтуге қабілетсіз және денсаулығына байланысты стационарлық және үй жағдайында арнайы әлеуметтік қызметтерді қажет ететін қарт адамдарға көрсетіледі. Ағымдағы жылы арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерімен 1027 адам қамтылған.
Әкімдіктің анықтамасына сүйенсек, Астана әкімдігінің «Қарттарға, мүгедектігі бар адамдарға және мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығы» мекемесі Щучинск-Бурабай курорттық аймағы мен Қотыркөл жағасында зейнеткерлерге жылына бір рет қызмет көрсетеді.
Ол қызметтің шарттары мынандай:
-жасы бойынша зейнеткерлер жолдама құнының 25% пайызын (56 700 теңге)төлеу керек;
- ең төменгі мөлшердегі зейнетақы алатын зейнеткерлер жолдама құнының 18% пайызын (40 824 теңге) төлеу қажет;
-соғыс ардагерлеріне, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестірілген тұлғаларға – тегін.